Украина Қарулы күштерінің қарсы шабуылы тым ұзаққа созылып кетті. Сондықтан Вашингтон украин әскерінің қарсы шабуылы табысты болатынына күмәні басым деуге негіз бар, деп жазды ресейлік әскери шолушы Александр Хроленко.
Пентагон мен АҚШ барлау қызметінің операцияға қатысты "аса құпиялы" деректерінің жария болуы ұйымдастырылған акцияға ұқсайды. Бұл Киев режимінің сәтсіздігіне әкелетін және НАТО елдері үшін аса қауіпті "Қырымды қайтаруға бағытталған қарсы шабуылды" кейінге қалдыру мақсатында жасалуы ықтимал.
АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздікке қатысты "аса құпия" құжаттары Интернетте тарағаннан кейін Пентагон шығынды тәулік бойы бағалап келеді. The Washington Post газеті шетелдік ресми тұлғалар, әсіресе АҚШ-тың одақтастары жария болған құпия ақпараттан есеңгіреп қалғанын жазды: "Әскери тығырыққа миллиардтаған доллар құюдың келешегі... Еуропа мен АҚШ-тағы Киев жақтастарының шешімін әлсіретуі мүмкін". Ақпараттың таралуынан кейін Киев қарсы шабуыл жоспарын мәжбүрлі түрде өзгерткенін жариялады.
"Америкалық барлау қызметі әрқашан өзінің қарсыластары мен одақтастарын бақылап отырады. Бұл тұрғыда Украина президенті Владимир Зеленский де жіті назарда екені белгілі. Мұны украин көшбасшысын НАТО-ның арнайы күштері тәулік бойы күзетуінен де түсінуге болады. Барлық құрлықтағы АҚШ-тың одақтастары біршама бәсеңдеу бақылауда болғанымен, бұл ешкім үшін құпия емес. Тіпті әлгі "Х-файлдарда" көрсетілген Израиль де таңғалмайды", - деп жазды Хроленко.
Мысырдың Ресейге 40 мың зымыран жеткізу жоспарының жария етілуі күлкі тудырады. Өйткені Украинадағы әскери іс-қимылдар театрында ресейлік әскер шамамен екі күн ішінде жаппай оқ атуға арналған реактивті жүйелер үшін осы көлемде снарядтар жұмсайды. Сонымен қатар Ресей Мысырға қару-жарақ жеткізушілер тізімінде 34% көрсеткішімен көш бастап тұр, Италия мен Франция әрқайсысы 19% көрсеткішпен екінші және үшінші орындарға орналасқан.
Украина Қарулы күштерінің Ресей армиясына төтеп беру қабілетін америкалық жария бағалау фактілер украин жеріндегі арнайы операцияның қазіргі шындығына сәйкес келмейді. Украина Қарулы күштерін "қалыптастыру мен жабдықтаудағы кемшіліктер", Батыстың әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерінің, оқ-дәрілер мен броньдалған техниканың тапшылығының жақын уақытта орны толтырылмауы, Пентагонның Украинадағы соғыс қимылдарына біршама араласуы ешкімге құпия емес.
Әскери шолушы жазғандай, "Х-файлдардың" жария болуын жоспарлы түрде ұйымдастыру АҚШ Әскери-әуе күштерінің ақпан айында Гурон көлінің үстінде өзге ғаламшарлықтарды іздеуін еске түсіреді. Екі жағдай да халықаралық қауымдастықтың назарын аударады, бірақ шынайы мақсаты айқын емес.
Қазір АҚШ-тың ақпараттық дауыл ұйымдастырудағы мақсаты соғыс ықтималдылығын арттырып, содан кейін күштерді қайта топтастыру немесе стратегияны өзгерту болуы мүмкін. Пентагон, Ұлттық қауіпсіздік агенттігі және Орталық барлау басқармасының жалған құпияларын жариялау арқылы америкалықтар Украина Қарулы күштері мүлде дайын емес және НАТО үшін қауіпті қарсы шабуылды кейінге қалдыруды көздеуі де шындыққа жанасады.
Жария етілген құжаттарда АҚШ пен оның НАТО-дағы одақтастарының 12 украин бригадасын құруы туралы деректер бар. Бұл бригаданың тоғызын тікелей америкалықтар дайындап жатқан көрінеді. Барлық 12 бригада (шамамен 60 мың жауынгер, 250 танк және 350 жаяу әскердің жауынгерлік машинасы мен броньдалған тасымалдаушы) 30 сәуірде украин жеріндегі әскери іс-қимылдар театрына жеткізіледі. Бірақ бұл күшейту қарсы шабуылдың сәтті өтуі үшін жеткіліксіз. Жалпы Украина әскері сан және сапа жағынан операциялық аймақтардың ешқайсысында жетістікке жетуге дайын емес. Оларда ұзақ уақыттан бері жүйелік әскери-әуе күштері мен әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері жоқ.
Ақпан айында Пентагон басшысы Ллойд Остин CNN арнасына берген сұхбатында АҚШ-тың "Ресей қорғанысын бұзып өтуге және маневр жасауға" қабілетті Украина Қарулы күштерінің бірнеше мотобригадасын дайындап жатқаны туралы айтқан. Ал сәуірде Вашингтон украиналық әскери іс-қимылдардан өзінің алшақтауын әлемдік қауымдастық алдында "біз қолымыздан келгеннің бәрін жасадық" деп ақтағысы келетін сияқты. Ауғанстанда Батыс демократиясын орнатуға бағытталған іс-әрекеттер де дәл осылай аяқталған болатын.
"Егер Украина Қарулы күштерінің жарияланған "қарсы шабуылы" сәтсіз болса, Батыспен одақтас елдер әскери көмекті күрт қысқартуы мүмкін. Вашингтон қазірдің өзінде қарыз бен әскери техника ақысын төлеуді талап етіп отыр. Киев режимінің қарызы 150 миллиард доллардан асты. Польша өз тарапынан Украинаны қалпына келтіру үшін түрлі елдер жинаған ақшаның барлығын өзіне алуды көздейді", - деп жазды Хроленко.
Бір қызығы, АҚШ-тың "аса құпия" әскери және барлау құжаттары Интернетке қалай тарап кетуі мүмкін? Бұл құжаттарға үкіметтегі жоғары лауазымды адамдар ғана қол жеткізе алады. Ақ үй "АҚШ барлау деректерінің соңғы онжылдықтағы ең ауқымды жария болуын" анықтауға тырысып жатыр. Мемлекеттік департаменттің ресми өкілі Джон Кирби кеше былай деді: "Біз мұның артында кім тұрғанын білмейміз. Біз мұның себебі неде екенін білмейміз. Тіпті тағы не болуы мүмкін екенін білмейміз".
Әскери шолушы Александр Хроленконың Telegram арнасы.