АСТАНА, 11 сәуір – Sputnik. Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Астанаға мұңын шағып келген жаңаөзендік жұмысшылармен жеке кездесіп, сөйлесуге әзірге қажеттілік жоқ деп санайды.
"Келіссөздердің кезеңі болады. Біз олардың түпкілікті позициясын, проблеманың мәнін түсінгіміз келеді. Бұл проблема қандай деңгейде шешілетінін түсінуіміз қажет. Егер шешім қабылдау министр деңгейінде болса, тиісті диалог қамтамасыз етіледі", - деді Сәтқалиев үкімет отырысынан кейін журналистер сұрағына жауап беріп.
Осы орайда журналистер "қазір адамдардың алдына шығуға қажеттілік көріп отырған жоқсыз ба?" деп сұрады.
"Мен диалогты жалғастыру, құзырлы адамдардың қызметкерлермен тікелей келіссөз жүргізу қажеттігін көріп отырмын. Егер менің шығуым керек болса, әрине, мен шығамын", - деді ол.
Оның айтуынша, дәл қазір жұмысшылардың нақты талаптары жоқ.
"Кеше Өзенмұнайгазға жұмысқа тұрғызыңдар деді, бүгін конкурсты алып тастаңдар дейді. Ертең не айтатыны белгісіз. Сол себепті күтейік. Сіздер егер мен олардың алдына шықсам, проблема шешіледі деп санасаңыздар, олар олай ойламауы мүмкін. Сондықтан жалпы позицияға, логикаға сүйеніп, алаңдағы адамдарға құрмет көрсетіп, оларды қанағаттандыратын дұрыс шешімдер ұсынайық. Процесс дұрыс ұйымдастырылуы керек", - деді министр.
Еске салсақ, Астанаға Жаңаөзеннен "БерАли Маңғыстау Company" қызметкерлері келді. Жүзден аса мұнайшы кеше энергетика министрлігінің алдына түнеп шықты. Олар жұмыс талап етіп отыр. Айтуларынша, компания тендерден ұтылып, олар жұмыссыз қалған.