Саясат

Қазақстанның жаңа сыртқы істер министрі Ресейге барады

Sputnik
АСТАНА, 10 сәуір – Sputnik. Қазақстан вице-премьері – сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу ертең, 11 сәуірде Ресейге ресми сапармен барады. Бұл туралы СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Мұрат Нұртілеуді Ресей тарапы шақырған.
"2023 жылғы 11 сәуірде Ресей тарапының шақыруымен Қазақстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің Ресей Федерациясына ресми сапары өтеді", - деді Смадияров апта сайынғы брифингте.
Сапар аясында Нұртілеу Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров және Ресей президентінің халықаралық істер жөніндегі көмекшісі Юрий Ушаковпен кездесіп, келіссөздер өткізеді деп жоспарланған.
Тараптар саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін, сондай-ақ өңірлік және халықаралық күн тәртібі мәселелері бойынша өзара іс-қимылды талқылайды.