Қапшағайда жаппай төбелеске қатысқандар мас болған

Sputnik
ТАЛДЫҚОРҒАН, 10 сәуір – Sputnik. Қонаевтағы демалыс аймақтарының бірінде жаппай төбелес болып, үш адам зардап шекті. Бұл туралы ҚР ІІМ баспасөз қызметі хабарлады.
8 сәуірде кешке Қонаев полициясына бірнеше адам түрлі дене жарақатымен қалалық ауруханаға жатқызылғаны туралы хабарлама келіп түсті.
"8 сәуір сағат 17.47-де Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасының қабылдау бөлмесіне үш азамат мас күйінде жеткізілді. Жабық бас сүйек жарақаты, тобық буынының жарақаты, тізе буынының көгеруі диагнозы қойылды. Тексеруден кейін дәрігер-травматолог оларға алғашқы медициналық көмек көрсетіп, гипспен таңып берді. Медициналық емге жолдама жазып берді", - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Зардап шеккендер Қапшағай су қоймасының жеке демалыс аймағында болған жаппай төбелесте зардап шеккен. Жанжалдың видеосы әлеуметтік желіде тарап кетті. Жанжалдасқан бір топ ер адамның бірі жол талғамайтын көлікпен жеңіл автокөлікті қасақана соғады.
Полиция қылмыстық тергеу басталғанын хабарлады.
"Тергеу барысында зардап шеккендердің Қапшағай су қоймасының жағасына демалысқа келіп, жеке аумаққа кіргені анықталды. Аумақтың иесі, 1986 жылы туған азамат ер адамдармен қақтығысып қалады. Оқиға болған жерге полиция жасағы жіберілді. Оқиғаның мән-жайын анықтау және оның әрбір қатысушысының іс-әрекетіне құқықтық баға беру үшін жанжалдасқандар полиция басқармасына жеткізілді", - деп хабарлады полиция.
Бұл факт бойынша тергеу жүріп жатыр.