АЛМАТЫ, 10 сәуір – Sputnik. Түркістан облысы Леңгір қаласында белгісіз біреулер тұрғынға күш қолданып, 5 млн теңгесін бопсалаған, деп хабарлайды Polisia.kz.
Жәбірленушінің айтуынша, оны пышақпен қорқытқан.
"Полицейлер аталған жайтты ҚР ҚК-нің 194-бабы 3-бөлігі бойынша тіркеп, күдіктілерді анықтады. Төлеби ауданының аумағында жедел-іздестіру кезінде полицейлер 5 млн теңге көлеміндегі ақшаны алып тұрған жерінен 2 ер адамды ұстады. Олардың біреуі бұрын сотты болған Төлеби ауданының тұрғыны", - дейді ведомстводағылар.
Жедел уәкілдер тінту кезінде күдіктілерден жәбірленушінің қаражатын тәркіледі. Сондай-ақ бірінің үйін тінту кезінде алты оқ табылды. Тиісті сараптама тағайындалды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
Болған оқиғаның толық мән-жайы мен күдіктілердің басқа да қылмыстарға байланысы бар-жоғы анықталып жатыр.