Саясат

Министрлік Әл-Ақса мешітінде жасалған шабуылға қатысты пікір білдірді

Sputnik
АСТАНА, 10 сәуір – Sputnik. Қазақстан қасиетті "Әл-Ақса" мешітінде мұсылмандарға шабуыл жасалуына байланысты Таяу Шығыстағы шиеленістің өршуіне алаңдаушылығын білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Қалыптасқан жағдайда тараптар ұстамдылық танытып, зорлық-зомбылыққа және ахуалдың одан әрі ушығуына әкелетін қадамдардан, сондай-ақ арандату іс-әрекеттерінен бас тартады деп үміттенеміз. Осы ретте статус-кво сақтауды маңызды деп санаймыз. Қасиетті Рамазан айы мен Песах мейрамы кезеңінде саяси, діни және қоғамдық көшбасшылар бұл шиеленісті азайтуға бар күшін салады деп үміт білдіреміз", - деп мәлімдеді сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров апта сайынғы брифингте.
Ол Қазақстан әрдайым толеранттық және діндер арасындағы диалогты нығайтуға шақыра отырып, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қарарларына сәйкес Таяу Шығыс мәселесін бейбіт жолмен шешуге бағытталған халықаралық қоғамдастықтың күш-жігерін қолдайтынын атап өтті.
5 сәуірде Иерусалимдегі "Әл-Ақса" мешітінде палестиналықтар мен Израильдің тәртіп сақшылары арасында қақтығыс болды. Израиль полициясы хабарлағандай, "бетперде таққан үгітшілер" мешіт ішіне кіріп, есікті құлыптап алған. Өздерімен біге пиротехника, таяқ, тас әкелген. Осыдан кейін офицерлер мешіт аумағына кіріп, бір топ жасты ғибадатханадан шығаруға тырысқан. Тәртіпсіздік осылай басталып кеткен.