Ақтөбеде сыныптасына көмектескен колледж директоры сотталды

Sputnik
АСТАНА, 10 сәуір – Sputnik. Ақтөбе қаласында колледж директоры сыныптасына көмектесіп, өз қызметі үшін 14 мың теңге алған. Сот үкім шығарды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан "Диапазон" порталына сілтеме жасап.
Тергеу материалына сәйкес, 40-мектепте жұмыс істейтін аспазшы бірге оқыған сыныптасына хабарласып, басшылықтың біліктілікті көтеру курсынан өтуге міндеттеп жатқанын айтқан. 60 жастағы колледж директоры көмек беруге келіседі. "Оқушыларды тамақтандыру саласындағы қазіргі технологиялар" курсының арнайы куәлігін істеп беруге уәде еткен.
Бірнеше айдан кейін колледж директоры сыныптасына ғана емес, оның танысына да куәлік жасап береді. Ол үшін өз компьютерінде құжатты шығарып, қол қойған. Осы қызметі үшін 14 мың теңге алған. Ер адам алаяқтық жасағаны үшін жауапқа тартылды.
Сотта екі куәліктің формасы заңға сай екені дәлелденді. Алайда мазмұны жағынан жалған болып шықты. Екі адам шын мәнінде ешқандай біліктілік курсынан өтпеген.
Колледж директоры сотта өз кінәсін мойындады. Судья оны параның он еселенген соммасына айыппұл төлеуге міндеттеді. Сондай-ақ өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынды.