Оқиға

Рөлде жүргізуші отырмаған: Шымкентте автобус 4 адамды қағып өлтірді

Sputnik
АСТАНА, 9 сәуір – Sputnik. Шымкентте жүргізушісі жоқ автобус алты адамды қағып кетті. Салдарынан төртеуі қаза болды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Қайғылы оқиға 8 сәуір кешкі сағат 18:30 шамасында “Метро“ сауда үйінің жанындағы екі көшенің қиылысында болды.
Жүргізушісі жоқ автобус қарсы бетке шығып кетіп, жаяу жүргінші жолағында келе жатқан 6 адамды қағып кеткен. Салдарынан екі әйел мен жасөспірім оқиға орнында, кәмелетке толмаған қыз жансақтау бөлімінде көз жұмды. Тағы екі адам ауруханада жатыр.
Оқиға орнына жеткен Шымкент қаласы полициясының жедел-тергеу тобы жүргізуші соңғы аялдамадан қарсы бағытқа бұрылып, автобусты қол тежегішінде қалдырып, көліктен шығып кеткенін анықтады.
Қазір оқиға орнында анықтаушылар мен криминалистер жұмыс істеп жатыр. Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Автобустың жұмысқа жарамдылығын тексеру үшін автотехникалық сараптама жасалады.
Жүргізуші уақытша ұстау изоляторына қамалды.