Талдықорғанда әлеуметтік дүкендер ашылды

Sputnik
АСТАНА, 7 сәуір – Sputnik. Талдықорғанда екі әлеуметтік дүкен ашылды. Әлеуметтік маңызы бар азық- түлік тауарлары төменгі үстеме бағамен бағамен сатылады.
Мұнда Жетісу облысының тұрақтандыру қорының және "айналым схемасына" қатысушы өндірушілердің тауарлары сатылады. Дүкендердегі сату бағасы нарықтық бағадан орта есеппен 10%-ға төмен. Мысалы, қант құны 425 тг/кг (нарықтық – 483 тг/кг), күнбағыс майы 740 тг/кг (нарықтық – 931 тг/кг), күріш 340 тг/кг (нарықтық – 496 тг/кг).
Жақын арада облыс орталығында тағы да осындай дүкендер ашу жоспарлануда.

"Бүгінгі таңда 2022-2023 жылдарға арналған әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін облыстық бюджеттен тұрақтандыру қорын қалыптастыруға және "айналым схемасын" жүргізуге 4 млрд теңге бөлінді. Маусымнан тыс уақытта көкөніс бағасының өсуіне жол бермеу үшін 736 тонна картоп пен 169 тонна сәбіз жеткізу туралы келісімге қол қойылды. "Айналым схемасы" шеңберінде 9 тауар өндірушімен және 2 сауда субъектісімен сауда желілеріне азық–түлік тауарларын өндіру және жеткізу бойынша шарттар бар", – деп атап өтті "Жетісу" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы" өңірлік даму институты" басшысы Данияр Айқынбаев.

Бұл ретте, маусымаралық кезеңде (сәуір-маусым айлары) әлеуметтің маңызды көкөніс тобының бағасын тұрақтандыру үшін "Magnum Cash&Carry" ірі сауда желісіне несие берілді.
Сауда желісінің Талдықорғандағы филиалында қырыққабат, пияз, сәбіз және картоп бекітілген бағамен сатылады. Әлеуметтік- кәсіпкерлік корпорация ағымдағы жылдың мамыр-шілде айлары аралығында көкөністерді жеткізу және сату бойынша тауар өндірушілермен қосымша келісімшарттар жасасуды жоспарлап отыр.