Маңғыстауда пара алған полиция подполковнигі сотталды

Sputnik
АЛМАТЫ, 8 сәуір - Sputnik. Маңғыстау облысы Бейнеу аудандық соты пара алған полиция подполковнигіне үкім шығарды, деп хабарлайды аудандық соттың баспасөз қызметі.
Бейнеу аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Тәжікстан азаматынан оған қатысты қылмыстық істі тоқтатқаны үшін 300 доллар пара алған.
"Құқық қорғау органының қызметкері қылмыс жасағаны үшін ҚР ҚК 366-бабының 1-1-бөлігіне сәйкес белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, параның 30 еседен 50 есеге дейінгі сомасы мөлшерінде айыппұл, не алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру көзделген", - дейді ведомство.
Сот подполковниктің кінәсін мойындап, шын жүректен өкінетіндігін және жас балаларының барын ескеріп, жазаны жеңілдетті.
Сот үкімімен экс-полицейге қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылып, пара сомасынан 25 есе мөлшерде, яғни 3 474 825 теңге айыппұл түрінде жаза тағайындалды, өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айырылды.
Қамауда ұстау мерзімін ескере отырып, оған 2 384 625 теңге көлемінде айыппұл тағайындалды. Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ