АЛМАТЫ, 8 сәуір – Sputnik. Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданы Переметное ауылында ер адам бұрынғы әйелін пышақтап кетті, деп хабарлайды "Мой город" порталы.
БҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл оқиға сегізінші сәуір сағат 1:40-та болған. 33 жастағы ер адам 28 жастағы бұрынғы әйелін бірнеше рет пышақтап, қашып кетті. Әйелдің мойын тұсы, кеуде қуысы мен іш қуысынан көптеген пышақ жарақаты анықталды.
"Жәбірленуші тірі, оны Бәйтерек ауданының орталық аудандық ауруханасына жатқызған. Жедел-іздестіру шаралары жүріп жатыр. Күдіктіні іздеуге полицияның барлық күші мен құралдары жұмылдырылды", - деп мәлімдеді ведомстводағылар.
Кейін полиция қылмыс жасады деген күдікпен Нұржан Хусаинов (Лақап аты "Жұма", оған қатысты қорғау нұсқамасы жазылды) іздестіріліп жатқанын айтты.
Күдікті туралы қандай да бір ақпарат болса, мына нөмірлерге хабарласуға болады: 8 (71130) 22-002, 22-448, 22-236, 8 (705) 515-80-70, 102, 8 (7112) 51-04-50, 92-10-26.
Қазір "Кісі өлтіруге оқталу" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.