Елорда тынысы

Астана емханаларында қосымша жедел медициналық көмек бөлімшелері ашылады

Sputnik
АСТАНА, 8 сәуір – Sputnik. Астана қаласының емханаларында қосымша жедел медициналық көмек бөлімшелері ашылады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратовтың айтуынша, мұндай бөлімшелердің көмегімен учаскелік дәрігерді үйге шақыру азайып, емханада пациенттерді қабылдау уақыты артады.
"Пациенттер аурухананың қабылдау бөліміне күш түсірмей, бірден емханада алғашқы көмек маманының қабылдауына келе алады. Ал стационарда ауруханаға жатқызуды нақты қажет ететін белгілі бір контингентке көмек көрсетіледі. Яғни шын мәнісінде көмекке мұқтаж ауыр деңгейдегі науқастар стационарда көп күтпейді. №4, №5 және №10 қалалық емханаларда ашылған пилоттық жоба жақсы нәтиже көрсетті", - деді Тимур Мұратов.
Айта кетері, егер бұрын шамадан тыс жүктеме салдарынан учаскелік дәрігердің қабылдауына жазылу мүмкін болмаса, қазір пациенттер сол күні шұғыл түрде жедел жәрдем дәрігеріне қаралады.
"Мұндай бөлімшелерді енді тағы бірнеше емханада ашу жоспарда тұр. Біздің мақсатымыз – медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру және уақытылы шұғыл көмек көрсетуді қамтамасыз ету", - деп атап өтті басқарма басшысы.
Еске салсақ, қалалық №4, №5 және №10 емханаларда жыл басынан бері жедел медициналық көмек бөлімшелері пилоттық режимде іске қосылған болатын. Негізгі мақсат – стационардағы дәрігерлер жүктемесін азайту және шұғыл алғашқы көмек қолжетімділігін арттыру.