АЛМАТЫ, 8 сәуір - Sputnik. Ақтөбеде ерлі-зайыптылар мүмкіндігі шектеулі азаматты таңнан кешке дейін базардың маңында, ал жұма күндері мешіттердің жанында күштеп, қайыр сұратқан, деп хабарлайды деп хабарлайды Almaty.tv.
Мүмкіндігі шектеулі азамат қарсылық танытқаны үшін талай рет аяусыз соққыға жығылған. 46 жастағы Шымкент қаласының тұрғыны базар мен мешіт алдына шығып, күніне 5-10 мың теңге аралығында ақша тауып отырған. Оның бәрін ерлі-зайыптылар жиып-теріп алып кетеді екен.
Ал осыдан бір жарым ай бұрын Ақтөбеге алып келіп, қайыр тілеуін осы қалада жалғастыруын бұйырған. Айтуынша, қасына кейін тағы екі адам қосылған. Жарымжан жанға жасалған озбырлық жуырда ғана еріктілердің көмегімен әшкере болыпты.
"Басында олардан қашып та кеттім. Алайда ұстап алып, өлімші етіп сабады. Содан жағдайым туралы біреуге айтуға қорықтым. Ақтөбеге келгеннен кейін пәтерде солармен бірге тұрдым. Олар маған күніне бір-ақ рет қытай лапшасын беретін. Тапқан ақшамды түгел алып отырды. Жұма күндері мешіт жанынан 40-50 мың теңгеге дейін түсетін", – деді жәбірленуші Александр.
Облыстық полиция департаментінің өкілдері күдікке ілінген ерлі-зайыптыларға қатысты іс қозғалғанын хабарлады.
"Бұл факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 128-бабы, бірінші бөлігі бойынша қылмыстық сотқа дейінгі тексеру басталды. Жәбірленуші дағдарыс орталығына орналастырылды. Қазіргі таңда қосымша тергеу жүргізіліп жатыр. Нәтижесі бойынша тиісті шешім қабылданады", – деді облыстық полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының аға жедел уәкілі Балаби Асқарұлы.
Адам саудасына қарсы халықаралық ұйым мүшелерінің айтуынша, жыл басынан бері өңірде екі жағдай тіркелген.
"Бұл 2 факт бойынша екеуі де Қазақстан азаматтары. Бірақ жиі кездесетін басқа елдің азаматтары. Ондай азаматтар келгенде бір сомаға келіседі, әрі қарай жұмыс біткеннен кейін айлығын ала алмай жүреді, құжатын тартып алып, бермей жүреді. Сол кезде сөйлескенде кейбірін азаматтық сотқа жібереміз, кейбірі қылмыс болып саналады", – деді қоғамдық қордың атқарушы директоры Гүлнұр Едігеева.
Қазір Александрдың тағдырымен "Дәріс" қоғамдық қоры айналысып жатыр.