АСТАНА, 7 сәуір – Sputnik. Ұлттық банктің ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/– 1 п.т. дәлізімен жылдық 16,75% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады.
Ұлттық банктің ақпаратынша, кейбір елдерде инфляцияның баяулауына қарамастан жаһандық инфляция қысымы әлі де жоғары болып тұр.
"Қазақстанда жылдық және айлық инфляция, біз күткендей, наурыз айында төмендеді. Инфляциялық процестердің баяулай бастағанына қарамастан, инфляцияның орнықты және тұрақты төмендеу тренді туралы айтуға әлі ерте", - делінген хабарламада.
Тұрақсыз инфляциялық болжаулар, мемлекеттік шығыстардың ұлғаюы, жанар-жағармай және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық нарығында уақыты келген реформалар түріндегі проинфляциялық факторлар сақталып және іске асырыла бастады. Факторлардың жиынтық балансы орта мерзімді келешекте инфляцияны төмендету үшін 2023 жылдың бірінші жартысында базалық мөлшерлемені қазіргі деңгейде ұстап тұру қажеттігін көрсетіп отыр.
"Базалық мөлшерлеме бойынша бұдан кейінгі шешімдер 2023 жылғы мамырдағы жаңартылған болжамда жаңа деректерге, оның ішінде, жанар-жағармай мен тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық нарығындағы реформалардың параметріне байланысты болады", - деді Ұлттық банктегілер.
2023 жылғы наурыз айында жылдық инфляция 18,1%-ға дейін төмендеді.
Ұлттық банктің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 26 мамырда Астана уақытымен сағат 12:00-де жарияланады.
Еске салсақ, Қазақстанда соңғы рет базалық ставка 5 желтоқсанда жылдық 16%-тен 16,75%-ке дейін көтерілді. Осыдан кейін оның мөлшері қаңтар және ақпан айларында өзгеріссіз қалды.