АЛМАТЫ, 7 сәуір – Sputnik. Алматыдағы " 164 бөбекжай-балабақшада" бүлдіршіндердің тамағы көпшіліктің наразылығын тудырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Мемлекеттік балабақшада балалар дұрыс тамақтанбайды. Бұл туралы бейнежазба әлеуметтік желіде тараған. Алматы қаласы білім басқармасы 164 бөбекжай-балабақшасына қоғамдық тамақтану жағдайын бақылау үшін арнайы комиссия құрған. Комиссия бірнеше күн тексеру жүргізіп, бірнеше маманды жұмыстан шығарды.
"Мониторинг барысында анықталған заңбұзушылықтар бойынша, сондай-ақ қызметтік міндеттеріне жосықсыз қарағаны үшін балабақша меңгерушісі, медбике және әдіскері қызметінен босатылды. Сонымен қатар, топ тәрбиешісі, қоймашы және аспазшыға тәртіптік жаза қолданылды", - деп мәлімдеді қалалық білім басқармасының баспасөз қызметі.
Қаладағы мектепке дейінгі ұйымдардың жұмысына бақылауды әлсіреткені үшін Алатау аудандық білім бөлімінің бас маманы мен Алматы қаласы білім басқармасының мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бөлімінің басшысына тәртіптік жаза қолданылды.