Браконьерлер қорықшы мен инспектор отырған қайықты батырып жібермек болды

Sputnik
АСТАНА, 7 сәуір – Sputnik. Балық инспекциясының қызметкері мен қорықшы Іле өзенінде тоқпен заңсыз балық аулау фактісін анықтады. Олардан қашқан браконьерлер қайықты батырып кетуге тырысты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан экология және табиғи ресурстар министрлігіне сілтеме жасап.
6 браконьер үш бірдей моторлы қайықпен табиғат қорғаушы мамандардың қайығын қысып, суға батырып кетуге күш салды. Одан кейін оқиға орнынан қашып кеткен.
"Қылмыстық кодекстің 380-1-бабында жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік инспектор мен қорықшыға қатысты қасақана іс-әрекеттер үшін 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған", - дейді министрлік мамандары.
Бұдан бөлек, балық ресурстарын және басқа да су жануарларын заңсыз өндіргені үшін 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Қазіргі кезде Алматы облысының Балқаш аудандық полиция бөліміне 6 сәуірде болған жағдай бойынша барлық материал жіберілді. Тәртіп сақшылары браконьерлерді іздестіруге кірісті.