АСТАНА, 7 сәуір – Sputnik. Ақмола облысында кәсіпорында жарақат алған жұмысшы комаға түсті. Оның үстіне металлдан жасалған қақпа құлаған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
54 жастағы ер адам Бұланды ауданындағы ЖШС-те жұмыс істеген.
"Оқыс оқиға ер адамның өзге жұмысшыларға астық қоймасының темір қақпасын жабуға көмектесіп жатқан кезде болған. Қақпаның бір жақ ілгіші сынып кетіп ер адамның үстіне құлаған", - деп хабарлайды облыстық полиция департаменті.
Қазіргі уақытта ер адам ауруханада. Оған жабық ми жарақаты, бас-ми жарақаты, маңдай сүйегінің жарақаты, кома деген алдын ала диагноз қойылды.
Аталған іске қатысты156 бап (денсаулыққа ауыр зардап тигізген еңбек қауіпсіздігінің қамтамасыз етілмеуі) бойынша тергеу амалдары басталды.