АСТАНА, 7 сәуір – Sputnik. Алматыда полиция қызметкері велосипед мінген қызды қағып, қашып кетті деген ақпарат тарады. Тергеу барысында жүргізушінің полицей емес екені және ешқайда қашпағаны анықталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бұған дейін әлеуметтік желіде тараған видеода велосипедші қыздың ауыр жарақат алғаны туралы видео тарады. Куәгерлер оны полицей қағып кетуі мүмкін екенін айтты. Себебі оқиға орнына келген тәртіп сақшылары оның мемлекеттік тіркеу нөмірін базадан таба алмаған.
Тергеу кезінде Toyota Solaris автокөлігінің жүргізушісі анықталды. Ол оқиға орнынан қашпағанын мәлімдеді. Ал велосипед мінген қыз көлікке соғылмаған. Көлік жүргізушісі Достық даңғылымен оңтүстікке қарай келе жатып, кері бұрылған. Сол кезде қарсы жолмен жүрген велосипедші көлікпен соқтығыспау үшін тежегішті қатты басқан. Содан жерге құлап, жарақат алған.
Toyota Solaris жүргізушісі бұрылып үлгерген. Бірақ артқы айнадан қыздың құлап қалғанын көреді. Ол көшеде тоқтауға тыйым салынғандықтан, перпендикуляр көшеге бұрылып, көлігін қойып, оқиға орнына жаяу барған. Сосын "102" мен "103" қызметтеріне телефон шалған. Полицияның келгенін күткен.
Тәртіп сақшылары велосипед пен көліктің соқтығыспағанын анықтады. Сол себепті жол апаты тіркелмеген. Дәрігерлер қызды ауруханаға алып кетті. Қазіргі уақытта оған ота жасау жоспарланып отыр. Тістері сынған, жақ сүйегі жарақаттанған.