АСТАНА, 6 сәуір – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Ақорда" резиденциясында бірқатар мемлекеттің елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады, деп хабарлады Ақорда.
"Сенім грамоталарын Малайзия елшісі Мохамад Адли бин Абдулла, Сауд Арабиясы Корольдігінің елшісі Файсал бен Ханиф әл-Кахтани, Түркия Республикасының елшісі Мустафа Капуджу және Иран Ислам Республикасының елшісі Әли Акбар Джоукар тапсырды", - деп жазылған хабарламада.
Мемлекет басшысы елшілерді Қазақстандағы дипломатиялық миссияларының ресми түрде басталуымен құттықтады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар мемлекеттің елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады
© Photo : Пресс-служба президента Казахстана
Қасым-Жомарт Тоқаев дипломаттар өз міндеттерін орындау кезінде Қазақстан Үкіметі оларға жан-жақты қолдау көрсететінін атап өтіп, еліміздің аталған мемлекеттермен саяси, экономикалық байланыстарды қоса алғанда, барлық салада тығыз қарым-қатынас орнатқан стратегиялық серіктес екенін жеткізді. Сонымен қатар Қазақстан халықаралық ынтымақтастыққа әрдайым ашық екенін айтты.
Рәсім соңында президент елшілердің алдағы қызметіне табыс тілеп, олардың мемлекеттерінің басшыларына ізгі тілегі мен сәлемін жолдады.