"Тез келші": Талғарда көз жұмған 2 жасар сәбидің анасы оқиғаның мән-жайын айтып берді

Sputnik
АЛМАТЫ, 6 наурыз – Sputnik. Алматы облысында көз жұмған 2 жасар бүлдіршіннің анасы Sputnik Қазақстан тілшісіне қайғылы жағдайдың мән-жайын айтып берді.
Оқиға 25 наурызда Талғар ауданындағы Жаңалық ауылында бала бағушы әйелдің үйінде болған.
Алтынай Қиымбаева ауысыммен жұмыс істейді. Бес және 2 жасар бүлдіршіндерін бала бағушыға қалдырып кетіп жүргеніне бір жарым ай болған.
"Жұмыста жүргенімде бала бағушы қоңырау шалыпты, мен оны естімей қалыппын. Сосын өзім хабарласып едім, "тез келші, сенің балаң талып жатыр" деді. Жүгіріп келсем, балам табалдырықта жатыр, ерні көгеріп, қайтыс болып кетіпті. Сұрасам, ешкім ешнәрсе айтпайды", - дейді Алтынай Қиымбаева.
Бала күтуші тек полиция мен прокуратура келгенде ғана мән-жайды айтқан.
"Үш жасар қызым қылқындырып, ауа жетпей қалды. Мен "басқа бөлмеге шай қоюға шығып кетіп едім, келсем өстіп жатыр" дейді. Ол нәзік кішкентай қыз. Ол қылқындырды дегенге сенбеймін. Мәйітханада баланың желке тұсы қанталағанын айтты. Содан кейін күдіктеніп қалдым", - дейді бүлдіршіннің анасы.
Бала күтушінің өзінің 3 баласы бар, төртіншісіне жүкті. Алтынай онымен бұған дейін шәй десіп көрмеген. Балаларын қарап бергені үшін айына 65 мың теңге төлеген. Бала күтушінің ата-анасы келіп Алтынайдан кешірім сұраған, ал күдікті бір де бір рет қарасын көрсетпеген.
"Шындықты айтудың орнына балаң аурушаң деп жатыр. Балам сап-сау бала болған. Әлсіз емес. РОВД мен кезекші прокуратура күдіктіні он күн қамауға алдық, одан ары ұстай алмаймыз, дәлел аз деп шығарып жіберіпті. Күдікті қамаудан шығып кетті дегенді ауылдағылардан естідім. Түнгі сағат 23:00-ден 03:00-ге дейін полицияда жүрдік. Ешкім бізбен сөйлеспеді, жолатпады. Журналистер кірісіп еді, бүгін қайтадан қамап қойыпты", - дейді Алтынай Қиымбаева.
Алматы облыстық полиция департаменті күдіктіні қамау немесе шығару туралы шешім шығара алмайтындарын, оны тек облыстық прокуратура шешетінін айтты. Ал облыстық прокуратура күдіктіні бір күнде шығарып, бір күнде қайта қамаған.
"25 наурызда бұл факт Қазақстан Қылмыстық кодексінің 141-бабы 2-бөлімі бойынша тіркелді.2023 жылдың 26 наурызында қылмыстық құқық бұзушылықты ҚР ҚК 141-бабының 2-бөлігінен 99-бабының 3-бөліміне қайта саралау туралы шешім қабылданды", - деп мәлімдеді Алматы облысы прокуратурасының баспасөз хатшысы Мақсат Абиров.
6 сәуірде Талғар ауданы ПБ тергеушісі аудан прокуратурасына екі ай мерзімге қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция беру туралы өтініш жолдаған.
"Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр