Алматы облысында оқушы зорланды: кейбір ата-ана баласын мектепке жіберуден бас тартып отыр

Sputnik
АЛМАТЫ, 6 наурыз – Sputnik. Екінші сынып оқушысы зорланған Алматы облысы Жамбыл ауданы Қасымбек ауылындағы шу әлі басылар емес. Ауылдағы ата-аналар балаларын мектепке жіберуден бас тартып отыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ата-аналардың айтуынша, Қасымбек ауылында 2 ақпан күні оқушылар тасымалдайтын мектеп автобусы жол апатына ұшыраған. Салдарынан 7 оқушы зардап шеккен. Ал таяуда мектеп оқушысының зорлануы сыздап тұрған жараның бетін тырнаумен бірдей болды. Бұл жағдайлардың барлығы тұрғындардың әлі күнгі наразылығын тудырып отыр.
Жамбыл ауданы Қасымбек ауылы
Ата-аналар мектептегі мұндай жағдайға мектеп басшылығы да кінәлі деп санайды. Білім ордасының әкімшілігі ауыспай, келеңсіздік жалғаса береді деген пікірде.
"Айтуынша, мектеп те жәбірленушілердің қатарында. Проблеманың барлығына тікелей мектеп жауапты. Біз бұл мәселені айтып едік, бізге қысым жасала бастады", - дейді Қасымбек ауылының тұрғыны Анжела Попова.
Ата-аналар ауылдағы оқушылар қауіпсіздігі қалпына келмесе балаларын сабаққа жібермейміз деп отыр.
"Көп ата-ана шындықты айтуға қорқады. Өйткені балалары мектепке барады. Жеке менің өзімнен "мынадай проблеманы көтерген соң балаңыз қалай мектепке барады?" деп сұрады", - дейді Анжела Попова.
Жамбыл ауданы Қасымбек ауылы
"Қысым көрдім" деп шағым айтқандардың бірі зорланған баланың анасы – Виктория.
"Маған қысым көрсетіліп жатыр. Жалған ақпарат тараттың деп өзімді айыптады. Менің үйіме мектептен, органнан адамдар келмесін деп қанша өтінсем де, келе береді. Мазамды алды", - дейді Виктория.
Ауыл тұрғындарының пікірі екіге жарылған. Бірі мектеп кінәлі десе, енді бірі мектептің қатысы жоқ деп есептейді. Ал аудандық білім бөлімі ата-аналар талапты негізсіз қойып отыр дегенді алға тартты.
"Бұл жағдай бізге де оңайға соғып отырған жоқ. Шағым айтатын 2-3 ата-ана ғана. Қалғандарынан мұндай шағым түсіп жатқан жоқ. Шағымданған аналар "баланы зорлаған оқушылар мектептен кетсін" дейді. Бұл – мектеп, бұл абақты емес. Барлық баланың құқы бірдей. Баланы қалаған уақытта шығарып тастауға құқымыз жоқ. Қазіргі күні медициналық сараптама жүріп жатыр. Соның нәтижесіне қарай қандай шара қолданатынын арнайы органдар өздері шешеді", - дейді Жамбыл ауданы білім бөлімінің басшысы Светлана Алтынбекова.
Қазіргі күні жәбірленген бала мен жәбір көрсетті деген екі оқушы сабақты онлайн оқып жатыр. Мектеп басшылығының айтуынша оқушы қандай жағдайда болсын білім аулы керек.
Естеріңізге сала кетейік, Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Қасымбек ауылында 2-сыныптың оқушысы зорланды. Төрт мыңға жуық тұрғыны бар Қасымбек ауылында серуендеуге шыққан 5 және 8-сыныптың оқушылары 2-сыныптың оқушысын жыныстық қатынасқа мәжбүрлеген. Жеті жастағы жеткіншек анасына шағым айтып, жылап келген.