Солтүстік Атлантикалық альянстың жаңа мүшесі ретінде Финляндия Балтық жағалауы елдері мен Польшаның жойқын тәжірибесін қайталайды, деп жазды ресейлік әскери шолушы Александр Хроленко.
Әскери сарапшының пікірінше, Финляндия шетелдік әскерді орналастыруға арналған антиресейлік плацдармға айналады және 78 жыл бойы ұлттық қауіпсіздіктің негізі болған Ресей Федерациясымен арадағы тату көршіліктен айырылады.
Финляндия 4 сәуірде Солтүстік Атлантикалық альянстың 31-ші мүшесі атанды. Осылайша НАТО халқы аз аумаққа (338 400 шаршы километр және 5,6 миллион адам), шағын фин армиясына (24 000 әскери қызметкер) және Ресеймен ортақ шекаралардың ұзындығын 1271 шақырымға (екі есеге) ұлғайтуға қол жеткізді.
Финляндияның шығысындағы шекаралық инфрақұрылым дамымаған. Сондықтан бұл алдағы бірнеше онжылдықта альянстың барлық мүшесі үшін миллиардтаған доллар шығынды талап етеді. Оның ішінде фин армиясын НАТО-ның жалпы құрылымына біріктіру және F-35 жойғыш ұшақтары бойынша бағдарламаны кеңейту де бар.
Альянстың Брюссельдегі штаб-пәтерінде өткен салтанатты рәсімде Финляндия президенті Саули Ниинисте жаңа сын-қатерлер, жаңа дәуірдің басталуы туралы сөз сөйлеп, "НАТО-ға мүше болу бізге халықаралық ұстанымымызды нығайтып, маневр жасауға мүмкіндік береді" деген пікір айтты. Фин президентінің нақты қандай маневрлер туралы айтып отырғанын түсіну қиын емес. Себебі Еуропа елдерінің барлығы дерлік бүгінде Вашингтонның мүдделеріне сәйкес әрекет етіп, Ресейге қарсы іс-қимылдарға жұмылдырылған.
"Агрессивті әскери блоктың шығысқа қарай кеңеюі Батыстың стратегиялық қателігі болып табылады. Ол үшін маневр жасау ұзақ уақытты қажет етеді және өте қымбатқа түседі. Кремль Финляндияның НАТО-ға қосылуын Ресейдің қауіпсіздігі мен ұлттық мүдделеріне қол сұғу, оны тактикалық және стратегиялық қарсы шаралар қабылдауға мәжбүрлеу деп бағалады. Мәскеудің көпполярлы әлем, тең және бөлінбейтін қауіпсіздік жүйесі сынды ұстанымы альянстың жаңа және ескі мүшелеріне қатысты көзқарасын өзгертпейді", - деп жазылған материалда.
Бейтарап Финляндия отыз жыл бойы НАТО-ға жақындап, одақтастыққа өз армиясын біртіндеп кіріктіріп келді. Президент Ниинисте кеше былай деп мәлімдеді: "Біз серіктес ретінде НАТО-ның іс-шараларына ұзақ уақыттан бері белсенді қатысып келеміз. Болашақта Финляндия НАТО-ның ұжымдық тежеу және қорғаныс шараларына өз үлесін қосады".
Шынында да 2020 жылы Финляндия мен Швеция Солтүстік Атлантикалық альянстың мүшесі Норвегиямен әскери одаққа кірді. Бұған дейін НАТО күштерінің құрамындағы фин әскери бөлімдері Ауғанстандағы, Босниядағы және Косоводағы операцияларға қатысты, ал Финляндияның экс-президенті Мартти Ахтисаари Косовоны Сербиядан бөлу жоспарын ұсынған болатын.
Хроленконың мәліметінше, КСРО ыдырағаннан кейін финдер МиГ-21 жойғыш ұшақтарын америкалық F-18 ұшақтарына, ал Т-55М танктерін неміс Leopard 2A4 және Leopard 2A6 танктеріне тез ауыстырды. 2022 жылдың мамырында Финляндияда НАТО-мен бірлескен оқу-жаттығуда британдық Challenger-2 танктері қолданылды.
2021 жылы Пентагонның бақылауындағы 64 дана F-35A ұшағына негізгі тапсырыс бұл бағыттағы іс-қимылды үдетті. Осы ұшақтар ядролық қаруды жеткізудің ең жақсы құралы болып саналады және бүкіл әлем бойынша біртұтас деректер алмасу желісіне біріктірілген. Америкалық F-35 ұшақтары соғыста қолдануға толық дайын емес, конструкциясында жүздеген проблемала бар және бүгінгі күнге дейін Пентагон жаппай өндіруге рұқсат бермей отыр.
"Америкалықтар 2030 жылға қарай F-35 әскери ұшағын көптеген техникалық ақаулардан арылтып, оны тактикалық термоядролық қарудың негізгі тасымалдаушысы етуді көздеп отыр. Сонымен қатар АҚШ НАТО мүшелерімен ядролық қаруды бірлесіп қолдану туралы келісімдерді кеңейтуге ұмтылып жатыр. The Diplomat басылымы бұл Шығыс Еуропа елдерінде ядролық қаруды орналастыруға әкелетінін және Финляндияда орналасқан F-35 ұшақтары Ресейге соққы беруі мүмкін екенін хабарлады", - деп жазды Хроленко.
Әскери шолушы өз мақаласында жазғандай, Санкт-Петербургтен Финляндия шекарасына дейінгі тікелей қашықтық 151 шақырымды немесе F-35 ұшағының 10 минуттық ұшу уақытын құрайды.
Данияның қорғаныс министрі Мортен Бедсков Финляндияның альянсқа мүшелігі Балтық аймағына баса назар аударып, НАТО-ның солтүстікке қарай ығысуына және шығысқа қарай белсенділік артуына ықпал етеді деп санайды. Бұған дейін Норвегияның қорғаныс министрі Эйрик Кристофферсен Финляндия мен Швецияның НАТО-ға мүше болуы "көптеген мүмкіндікке, соның ішінде Антарктида немесе Балтық жағалауында соғыс болған жағдайда жаңа базалар құруға жол ашатынын" айтқан.
Норвегия әскери-әуе күштерінің қолбасшысы Рольф Фолланд аймақтық миссияларды басқаруға арналған жаңа "Солтүстік әуе операциялары орталығын" құруды қазірден қарастырып жатыр. Норвегия 2025 жылға қарай 52 дана F-35 жойғыш ұшағын орналастыруды жоспарлап отыр және олар бұл "ресейлік әуе щшабуылына қарсы қорғаныс жүйелеріне айтарлықтай қосымша қысым жасайды" деп есептейді.
РФ Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведев бұған дейін Ресеймен тату емес көрші мемлекеттердің аумағында ядролық қару пайда болуына жол бермейтінін айтқан. Бұл Мәскеудің өзгермейтін ұстанымы екені белгілі.
Әскери шолушы жазғандай, Финляндия үкіметі саналы түрде эскалация бағытын ұстанып отыр. Ұжымдық Батыс Ресейге стратегиялық жеңіліске жеткізу міндетін ашық жариялады. Сондықтан ядролық қақтығыс ықтималдығы жоғары әскери іс-қимылдарға қатысу жауапкершілігі НАТО-ға мүше барлық мемлекетке теңдей жүктеледі.
Жалпы поляктардың тату көршіліктен шиеленіске қарай бет бұруы, Украинаның қазіргі ахуалы да Ресеймен көрші мемлекеттерге сабақ болмағаны аңғарылады. Сондықтан Солтүстік Атлантикалық альянстың Шығыс Еуропадағы проблемалары енді басталып жатыр деуге негіз бар.
Әскери шолушы Александр Хроленконың Telegram арнасы.