Астаналық келіншек бұрын күйеуімен "азаматтық некеде" болған әйелді өлтірді - сот үкімі

Sputnik
АСТАНА, 5 сәуір – Sputnik. Астанада бұрын күйеуімен бірге тұрған әйелді өлтірген келіншекке қатысты сот үкімі шықты. Марқұмның артында бір баласы қалды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Қылмыстық іс 101-бап ("Аффект жағдайында жасалған адам өлтіру") бойынша қаралды. Тергеу материалдарына сәйкес, пышақ жарақатынан қайтыс болған әйел бұрын айыпталушының күйеуімен бірге тұрған. Бірақ некелері заңды түрде тіркелмеген. Бір баласы бар. Кейін ер адам басқа әйелге үйленіп кеткен. Бірақ бұған дейін бірге тұрған әйелге де барып жүрген.
Сотта екеуінің араласқаны сурет, сондай-ақ, бір-біріне жіберген SMS-хабарламалармен дәлелденді. Осыған байланысты жиі жанжал болған.
Қайғылы оқиға болған күні ол бұрынғы "күйеуі" тұратын тұрғын үйдің ауласына келіп, жанжал шығарған. Ер адамның артынан келіншегі шыққан. Екі әйел сөзге келіп қалған. Сонда айыпталушы қорлыққа шыдай алмай, жанжал шығарған әйелдің кеуде тұсына пышақ сұққан. Жәбірленуші оқиға орнында қайтыс болды.
Сот отырысы кезінде екі тарап татуласып, келісімге келді. Сараптама кезінде айыпталушының қылмысты аффект жағдайында жасағаны дәлелденді. Ондайда үш жылға бас бостандығын шектеу не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Ал жазаны ауырлататын мән-жайлар болмаса, ауырлығы орташа қылмыс үшін жазаның көлемі жартысынан аспауға тиіс. Сол себепті прокурор пышақ ала жүгірген әйелдің бас бостандығын 1 жыл 6 айға шектеуді сұрады. Сотта айыпталушы өз кінәсін мойындады. Бір жасар баласы барын да айтты.
Сот шешімімен әйел 1 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Үкім заңды күшіне енген жоқ.