Алматыда дизель отынын сатуға шектеу енгізілді

Sputnik
АСТАНА, 5 сәуір - Sputnik. Алматы әкімдігі қалада дизель отынының жетіспеушілігіне қатысты түсінік берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Әкімдіктің мәліметінше, Алматыда қазір 213 автожанармай құю станциясы жұмыс істейді, оның ішінде 6 ірі желіге 176 жанармай құю бекеті кіреді (82% тиесілі). Алматыға үш мұнай өңдеу зауытынан ЖЖМ жеткізіледі. Олар: Шымкент "Петро Қазақстан Ойл продактс" мұнай өңдеу зауыты (ПКОП үлесі – 40%), Павлодар мұнай-химия зауыты (ПМХЗ үлесі – 35%), Атырау мұнай өңдеу зауыты (АМӨЗ үлесі – 25%).
"Биыл 15 наурыздан бастап Шымкент мұнай өңдеу зауыты күрделі жөндеуге жабылды, осыған байланысты Алматы қаласында дизель отынын жеткізу тоқтатылды. Осы кезеңде ПМХЗ мен АМӨЗ-ден дизель отынын жеткізу шамамен 12 мың тоннаны құрады. Бүгінде ірі желілік ЖҚС және қаланың мұнай базаларында шамамен 8,8 мың тонна дизель отыны бар, 4-5 күн ішінде шамамен 4,7 мың тонна жеткізіледі деп күтілуде", - делінеді әкімдіктің хабарламасында.
Соңғы уақытта қалада Алматы облысының тұрғындары, сондай-ақ транзиттік көлік иелері тарапынан дизель отынына деген сұраныс артты, бұл тұтынудың бір мезгілде 30-35%-ке өсуіне себеп болды және жекелеген жанар-жағар май станцияларына үзіліспен жеткізілуіне әкелді.
Қала тұрғындарын, автобус парктері мен коммуналдық қызметтерді қамтамасыз ету мақсатында жекелеген жанармай құю бекеттеріне дизель отыны шектеп берілді.
Сонымен бірге, қазіргі уақытта Алматы әкімдігі ҚТЖ және ЖМҚС желілерімен бірлесіп тұрақты негізде жолда дизель отынына мониторинг жүргізеді, басқа өңірлерде вагондардың тоқтап қалуына байланысты мәселелер жедел пысықталуда.