АСТАНА, 4 сәуір – Sputnik. Жұмыс берушілер шекара маңындағы ауылдарда тұратын қызметкерлері үшін жалға берілетін тұрғын үй салады. Бұл туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ол шекара маңындағы елді мекендердің тұрғындары үшін баспананы арзандату бойынша жұмыс жүргізілетінін атап өтті.
"Ауылдағы тұрғын үй мәселесін шешу мақсатында өз қызметкерлері үшін жалға берілетін үйлер салған жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау тетігі іске қосылды. Осы тетік арқылы ауыл қызметкерлері үшін 2 мың 855 тұрғын үй салу жоспарлануда (14,3 млрд теңге)", - деді Қарабаев үкімет отырысында.
Сондай-ақ ауылдық жерлерде жер үйдің құрылысын ынталандыру үшін жыл сайын 22 мың жер учаскесі инженерлік коммуникациялармен қамтамасыз етіледі.
Бұдан бөлек, оның айтуынша, халықтың ауылдар мен шекара маңындағы аумақтардан кетуін азайту мақсатында жаңа өндірістерді іске қосу жолымен тұрақты жұмыс орындарын ашу көзделіп отыр. Жобаларды жеңілдікпен қаржыландыру Өнеркәсіп қорында көзделген қаражат есебінен жүзеге асырылады.