Смайылов депутаттардың сыны жайлы: бұл қалыпты жағдай

Sputnik
АСТАНА, 4 сәуір – Sputnik. Премьер-министр Әлихан Смайылов президент пен парламенттің өзіне артқан сенімін ақтауға тырысатынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Үкімет кулуарында журналистер премьерден мәжілісте оның кандидатурасын қолдамаған депутаттардың сыны туралы не ойлайтынын сұрады.
"Сын әрдайым болады, бұл қалыпты жағдай. Қазір парламентте алты партия бар, бұл алты түрлі пікір деген сөз. Кез келген сын бізге пайдасын тигізеді. Біздің жұмысымыздың тиімділігін арттырады деп ойлаймын. Сол себепті біз бұған түсіністікпен қараймыз", - деп жауап берді Смайылов.
Ол үкімет одан әрі халықтың игілігіне жұмыс істеуге дайын екенін мәлімдеді.
"Президент те, парламент те, қоғам да үлкен сенім артып отыр. Сондықтан біз осы сенімді ақтау үшін қолдан келгенді аянып қалмаймыз. Барынша тиімді жұмыс істейміз", - деді премьер.
Өткен аптада мәжілістің жалпы отырысында Жалпыұлттық-социал демократиялық партиясы үкімет басшысы қызметіне қайтадан Әлихан Смайыловты тағайындауға қарсы шыққан еді.
Парламенттік оппозция үкімет алдына қойылған бірде бір міндетті тиісті деңгейде орындамады деп санайды. Осылайша Әлихан Смайыловтың кандидатурасына жеті депутат қарсы дауыс берді.