АСТАНА, 3 сәуір – Sputnik. Белгісіз біреу Теміртау қаласының мектептерін "миналады". Қазір полиция жалған хабар таратқан адамды іздестіріп жатыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Жалған террорист қаладағы бірнеше мектепке хат жолдаған. Хабарламада ғимаратта бомба барын жазып, "бүгін біздің шахидтер барлық мектеп пен балабақшаға винтовкамен келеді" деп қорқытқан.
Мектептердің біріне жарылғыш зат орнатылды деген ақпарат түскеннен кейін, оқиға орнына жедел қызметтер жұмылдырылды.
"Полицейлер ғимаратты тексеріп шықты. Ешқандай жарылғыш табылған жоқ. Қазір Қарағанды облысының полицейлері жалған хабар таратқан белгісіз азаматты іздестіріп жатыр", - деп хабарлады Қарағанды облыстық полициясы.
Бұл факті бойынша Қылмыстық кодекстің 273-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды.