АСТАНА, 3 сәуір – Sputnik. Қазақстанда аяқ киімдерді таңбалау және қадағалау ережесі күшіне енді. Екі мыңнан аса кәсіпкер тауарларына белгі басып үлгерді, деп хабарлады "Хабар 24".
Жаңа ережеге көшу екі жыл бұрын міндеттелгенімен биылғы сәуірге дейін шегерілген еді. Себебі кәсіпкерлерге жаңа жүйеге дайындалуға уақыт қажет болды. Енді тұтынушылар арнайы код арқылы өнімнің сапасын бақылап, өзіне қажет ақпаратты таба алады. Бұл ең алдымен, көлеңкелі кәсіппен күресуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ бюджетке түсетін қаражат артады.
Осыған дейін құзырлы органдар сауда орнындағы әрбір екінші аяқ-киім елге заңсыз кіретінін анықтаған. Бұдан былай елге кіріп-шыққан әр тауар бақылауда болады.
"Сатып алушы әрбір аяқ киімнің сапасын білу керек. Қай жақтан кіргізілгенін, оның былғары немесе дермантин екенін білуге тиіс. 620 қаулысы бойынша әрбір код екі теңге 68 тиын болып саналады. Бұл ҚҚС қоспағандағы кұн", - деп түсіндірді бірыңғай таңбалау және қадағалау операторының менеджері Әсем Жапанбаева.