Қоныс аудару бағдарламасы: басқа өңірге қалай көшіп баруға болады

Sputnik
АСТАНА, 1 сәуір – Sputnik. Қазақстанда қоныс аудару бағдарламасы аясында кез келген адам өзі тұратын өңірдің ішінде ғана емес, басқа облысқа да көшіп бара алады. Сол үшін мемлекет тарапынан ақшалай қолдау шаралары да беріледі.
Бүгінде бағдарлама "Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері" ұлттық жобасына кіреді. Sputnik Қазақстан елдің ішінде қоныс аудару жолдары мен тәртібін ұсынады.

Құжатты қайда тапсыру керек?

оныс аудару бағдарламасына қатысу үшін алдымен жергілікті жерде жұмыспен қамту орталығына барып, өтінім беру керек. Үйден шықпай-ақ, кеңес алуға да болады. Ол үшін электронды еңбек биржасының ресми сайтын пайдалану қажет.
Сайтта қоныс аудару мәселелері бойынша кеңес алып, өтініш қалдыруға мүмкіндік бар. Сол жерде жұмыс күші тапшы өңірлерге қоныс аудару бойынша барлық ақпарат жарияланған. Көшіп баруға болатын өңірдердің картасы, ал әрбір өңірдің "төлқұжатында" мектептердің саны, медициналық мекемелер, спорт нысандары және тағы басқа мәлімет көрсетілген.
Қоныс аударудың екі түрі бар "Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері" ұлттық жобасы аясында қоныс аударудың екі түрі қарастырылған.
Олар:
1. өңіраралық қоныс аудару (жұмыс күші артық облыстардан жұмыс күші жетіспейтін облыстарға жұмысқа орналастыруға және/немесе кәсіпкерлік бастамаларға жәрдемдесу);
2. облыс ішінде қоныс аудару (мемлекеттік тұрғын үй қорынан және/немесе жұмыс берушілердің қаражаты есебінен тұрғын үймен қамтамасыз ету және тұрақты жұмыс орнына жұмысқа орналасу мүмкіндігі болған кезде экономикалық даму әлеуеті төмен елді мекендерден облыстық (аудандық) маңызы бар қалаларға, экономикалық өсу орталықтарына көшу);
Жобада өтініш беруге болатын өңірлер де көрсетілген. Олар жұмыс күш артық жерлер болып саналады. Атап айтқанда, Алматы, Жамбыл. Маңғыстау, Түркістан, Қызылорда мен Жетісу облыстары, Астана, Алматы мен Шымкент.
Ал жұмыс күші тапшы, яғни, қоныс аударушыларды қабылдайтын облыстар 8 өңір кіреді.
Олар:
Ақмола облысы;
Қостанай облысы;
Қарғанды облысы;
Павлодар облысы;
Шығыс Қазақтан облысы;
Солтүстік Қазақстан облысы;
Абай облысы;
Ұлытау облысы;
Қоныс аудару бағдарламасына кез келген Қазақстан азаматы және қандастар қатыса алады.

Қолдау шаралары

Басқа өңірге көшіп барған адамға жан-жақты қолдау жасалады. Субсидиядан бастап оқытуға дейінгі шаралар қарастырылған.
1. Отбасы жағдайына қарамастан, әрбір адамға 70 АЕК (241 500 теңге) мөлшерінде материалдық көмек;
2. Тұрғын үйді жалдау (жалға алу) және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу;
3. Қоныс аударуға жәрдем көрсететін жұмыс берушілерге субсидиялар беру;
4. Жұмысқа орналасуға және кәсіпкерлік бастамашылыққа жәрдемдесу;
5. Қысқа мерзімді кәсіби дайындыққа жіберу; Материалдық көмек жаңа тұрғылықты жерге келгеннен кейін беріледі.
Үйді жалдау мен коммуналдық шығындар қалай өтеледі
Ұлттық жоба бойынша қоныс аударып келген адамның отбасына, соның ішінде жалғызбасты адамдарға тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызметтерге бір жыл бойы ақы төленіп тұрады.
Материалдық көмектің мөлшері:
Қалалық жерлерге қоныс аударғандарға: бір адам үшін 20 АЕК (69 000 теңге);
отбасы мүшелерінің саны 2-4 адам болса, 25 АЕК (86 250 теңге);
отбасы мүшелерінің саны бес және одан көп болған жағдайда 30 АЕК (103 500 теңге);
Ауылдық жерлерге көшіп келгендерге: бір адамға 15 АЕК (51 750 теңге);
отбасы мүшелерінің саны 2-4 адам болған кезде 18 АЕК (62 100 теңге);
отбасы мүшелерінің саны бес және одан көп болған жағдайда 21 АЕК (72 450 теңге);
Ерікті түрде қоныс аудару бойынша мемлекеттік қолдау шаралары бір рет беріледі.