Қоғам

Терең күйзеліске түскендер көп күледі – психолог

Sputnik
АСТАНА, 1 сәуір – Sputnik. Бүгін, 1 сәуір әлем елдерінде – Күлкі күні. Кейбір елде "Ақымақтар мерекесі" деп те аталады.
Бұл күннің нақты қашан, қалай пайда болғаны белгісіз. Алайда осы күні жақындарыңмен, достарыңмен қалжыңдасу, көтеріңкі көңіл-күй сыйлау, жұртты күлкіге қарық қылу дәстүрге айналған. Бұл күнгі әзілге ешкім ренжімейді.
Статистика бойынша кішкентай балалар күніне 300-400 рет күледі екен. Ал ересектер – небәрі 15-20 рет.

Күлкінің пайдасы

Белгілі психолог Лимана Құттыбекқызының айтуынша, күлкінің адам денсаулығына пайдасы зор. Күлкі өмірді ұзартады. Күлкінің құдыреті сонша кез келген ауруды емдеп жаза алады.
"Бақыт гормоны – эндорфиндер ауруды басатын қасиетке ие. Егер адам үнемі позитивті ойлап, жымиып жүрсе, онда өмірін жақсы бағытқа қарай өзгертеді. Күлкі адамның жүрегіне, өкпесіне де пайдалы. Сонымен қатар ол адамның иммунитетін көтереді. Адам күлген кезде қан тамырлары кеңейіп, қысымы азаяды. Демек жүрек ауруына шалдыққан, жиі шаршайтын сырқаттарға күліп жүрген пайдалы. Адамның бойы сергіп, бет-әлпеті жасарып қалады", - дейді Лимана Құттыбекқызы Sputnik Қазақстанға берген сұхбатында.
Күлкі, тіпті адамдардың бір-біріне деген қарым-қатынасына да әсер етеді.
"Бір адамға келіп, ашуланып немесе қабағыңызды түйіп өз шаруаңызды айтсаңыз, ол сізге көмектесуге ынта білдірмейді, жауап та бермеуі мүмкін. Ал жымиып, жақсы энергияңызбен бөлісе отырсаңыз, мәселеңізді оп-оңай шешіп аласыз",- деп кеңес берді психолог.
Бұған қоса күлкі адамға реніш-өкпесінен арылуға көмектеседі. Сондықтан әрдайым көңілді жүру үшін қызық фильмдер көріп, позитивті адамдармен араласқан жөн.

"Дағдарыста жүрген халықта той-томалақ көп болады"

Лимана Құттыбекқызының айтуынша, шектен тыс күлкінің зияны да жоқ емес. Көбіне, күлкіні терең күйзеліске түскендер жақсы көреді.
"Қай халық қиын жағдайда, дағдарыста жүрсе, соларда ойын-күлкі, той-томалақ көп болады. Жан-дүниесі тыныш, проблемасы жоқ адамдар бос ойын-күлкі, сатира дегенді қабылдамайды. Олар үшін бұл құр босқа уақыт өткізу болып саналады. Кедейлікті немесе қандай да бір проблеманы ұмыттыру үшін әзіл-сықақ, адамның көңіл-күйін аулайтын музыка, ойын-күлкіні көбейтіп бере береді екен. Сонда адам өзінің кредиті барын, қарызға белшесінен батқанын, жоқшылықта, үй-күйсіз далада жүргенін уақытша ұмытып, жарты сағат күлкіге мас болып жүре береді. Былайша айтқанда адамды масаңсыту, гипнозды жағдайға ендіру", - деп түсіндірді маман.