АСТАНА, 1 сәуір – Sputnik. Павлодар облысында жұмыспен қамту орталықтарының жұмысында 30-дан астам заң бұзушылық анықталды, деп хабарлады Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің басшысы Дархан Құрақбаев.
Мысалы, кәсіпкерлікті дамытуға мемлекеттік гранттар беру кезінде грант қаражатын үшінші тұлғалардың шоттарына аудару, бір қатысушыға грантты екі рет аудару, сондай-ақ тұрақты жұмысы бар тұлғаларға гранттар беру фактілері тіркелді.
Жол берілген заң бұзушылықтар үшін бес адам тәртіптік жауапкершілікке тартылып, екеуі қызметінен босатылды.
Әлеуметтік жұмыс орындарын және қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыруда 20-дан астам заң бұзушылықтар анықталып, оның 14-і расталды. Жұмыспен қамту орталықтарының 8 қызметкері тәртіптік жазаға тартылды, төртеуі қызметінен босатылды.
Мысалы, жұмыспен қамту орталығы Екібастұздағы шаруа қожалықтарының біріне Қазақстаннан тыс жерде жүрген, ол шаруа қожалығында жұмыс істей алмайтын азаматты жұмысқа орналастырған.
Осы ретте жұмыспен қамту орталығы жұмыс берушіні осы жылдың соңына дейін заңсыз төленген 420 мың теңге субсидияны өтеуге міндеттеді. Тағы үш азамат Екібастұз және Павлодар қалаларының жұмыспен қамту орталықтарымен жұмысқа орналасқан учаскелерде нақты жұмыс істемеген, ал олардың жалақысына 1 миллион теңгеге жуық субсидия берілген.
Осындай фактілер Железин ауданында да болған. Дархан Құрақбаевтың айтуынша, қоныс аударушылардың жұмыс және тұрғылықты орны бойынша тиісті бақылау жүргізілмейді. Осыған байланысты бейіндік бөлімге жалға берілетін тұрғын үйге субсидия беру тәртібін егжей-тегжейлі реттеу ұсынылды.