Жетісу облысында БҰҰ аясында су бағдарламасы жүзеге асып жатыр

Sputnik
АЛМАТЫ, 31 наурыз – Sputnik. Біріккен Ұлттар Ұйымының даму бағдарламасы аясында еліміздің 4 облысындағы 10 шаруа қожалығына суды үнемдеп, күн көзінен қуат алатын қондырғылар орнатылды, деп хабарлайды Хабар 24.
Ол жапон тарапы мен еліміздің ұлттық кәсіпкерлер палатасының қатысуымен жүзеге асты. Бұл мақсатқа 1 миллион АҚШ доллары бөлінген. Аталған пилоттық жобаның екеуі Жетісу облысында жүзеге асып жатыр.
Заманауи технология дәрілік шөптер мен көкөніс өсірумен айналысатын шаруашылықтарға енгізілген. Біріккен Ұлттар Ұйымының өкілдері әлемдегі ауа-райының өзгеруі, әсіресе, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру ісіне кері әсер етеді деп есептейді.
"Оған негіз де жоқ емес. Себебі су қорының азаюына байланысты суармалы алқаптар көлемі жылдан жылға кеміп барады. Мұндай жағдайда шаруашылықтар климаттық агротехнологиялардың артықшылығына иек артуы тиіс", - дейді мамандар.