АСТАНА, 31 наурыз – Sputnik. Бас прокуратура Петропавл қаласында түсірілген видео бойынша ресми ақпарат таратты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"2023 жылғы 30 наурызда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті әлеуметтік желілерде "Петропавл қаласы жұмысшыларының халық кеңесі" ("Народный совет трудящихся города Петропавловск") құрылғаны жөніндегі бейнероликті орналастыру фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 180-бабының 2-бөлігімен (БАҚ пайдалана отырып адамадар тобымен сепаратизмді насихаттау) сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады", - делінген хабарламада.
Қазіргі кезде облыстық полиция департаменті мен ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің тергеушілері кіретін жедел-тергеу тобы құрылды. Осы іс бойынша процесуалдық прокурорлар да белгіленді.
"Сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде жедел-тергеу іс-шаралары, оның ішінде тінту мен тәркілеп алу жүргізілуде, сондай-ақ тиісті сот сараптамалары тағайындалды", - дейді прокурорлар.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, өзге деректер әзірше жарияланбайды.