АСТАНА, 30 наурыз – Sputnik. Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрлігі республика аумағына бидайды автокөлікпен импорттауға жарты жылға тыйым салуды қарастырып жатыр, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі. Бұл тыйымның тұқымдық бидайға қатысы болмайды, деп мәлімдеді министрліктегілер.
Бұйрық жобасы 5 сәуірге дейін қоғамдық талқылауда болады.
Құжатта бұл бұйрық "Сауда қызметін реттеу туралы", "Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі туралы" заңдарына және Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа сәйкес дайындалғаны айтылған.
"Тұқымдық бидайды (Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы экономикалық қызметінің тауар номенклатурасының коды 1001 11; 1001 91) қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағына автомобиль көлігімен бидай (Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы экономикалық қызметінің тауар номенклатурасының коды 1001) әкелуге алты ай мерзімге тыйым салынсын", - деп жазылған жоба мәтінінде.
Ауыл шаруашылығы министрлігі мұндай шешімге бидайдың заңсыз әкелінуінен соңғы бірнеше жылдан бері зардап шегіп отырған қазақстандық астық және ұн нарығындағы қазіргі жағдай себеп болғанын түсіндірді.
"Салалық қауымдастықтардың мәліметі бойынша заңсыз импорт көлемі жылына 1,5-2 миллион тоннаға жетеді. Ал мемлекетке келетін жалпы шығын жыл сайын 500 миллион долларға бағаланады", - деп жазылған министрлік хабарламасында.
Нарық қатысушыларынан алынған ақпаратқа сәйкес, контрабандалық астықтың айтарлықтай үлесі автомобиль көлігімен әкелінеді, деп хабарлады ауыл шаруашылығы министрлігінің мамандары.
Бұл ретте әкелінген бидай қосылған құн салығынсыз елдегі шаруа қожалықтарының атына рәсімделіп, Ауғанстан мен Орталық Азия елдеріне транзиттік тарифсіз жөнелтіледі. Бұл ретте министрлік ішкі нарықта бағаның түсіп жатқанын атап өтті: 2022 жылдың шілде айының басынан бері бір тонна бидай бағасы 170-185 мың теңгеден 80-85 мың теңгеге дейін төмендеді.
"Өткен жылдың қорытындысы бойынша соңғы 10 жылдағы ең көп астық жиналды. 22 миллион тонна дәнді және бұршақ дақылдары жиналды, бұл бір жыл бұрынғыдан 35%-ке артық. Бидайдың жалпы түсімі 38,9%-ке өсіп, 16,4 миллион тоннаны құрады", - деп хабарлады ведомстводағылар.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, нарықты қолдау үшін Қазақстан 2022 жылдың қыркүйегінде астық экспортына қойылған барлық шектеуді алып тастады.
"Қазақстан темір жолы" АҚ деректеріне сілтеме жасай отырып, министрлік өткен жылы 13,2 миллион тоннадан астам бидай мен ұн астық эквивалентінде экспортталғанын, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 46,7%-ке артық екенін атап өтті. Бұл тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең жоғары көрсеткіштер.