ТАЛДЫҚОРҒАН, 30 наурыз – Sputnik. Талдықорғандағы сот процесі Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы бастығы Серік Күдебаевтың үкімді естуге келмеуіне байланысты кейінге қалдырылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Экс-генерал сот процесіне еш себепсіз келмей қойды. Келесі сот отырысы 3 сәуір сағат 10:00-ге шегерілді.
"Сотталушы сот отырысына келген жоқ, оның дәлелді себептерін растайтын мәлімет жоқ. Осыған байланысты, ҚР ҚІЖК-нің 157 және 335-баптарына сәйкес сот Күдебаевты көрсетілген уақытқа мәжбүрлеп әкелу туралы қаулы шығарды", - деді Жетісу облысы сотының баспасөз хатшысы Нұрсұлтан Орынбасаров.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін Талдықорғанда бұрынғы генерал Серік Күдебаевқа қатысты сот отырысы бесінші рет кейінге қалдырылды, оған қаңтардағы тәртіпсіздіктер кезінде лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланды және азаптады деген айып тағылған болатын.
Резонанстық іс бойынша сот процесі 5 қаңтарда басталып, әлі күнге жалғасып келеді. 28 ақпанда облыстық сот ғимаратында тараптардың жарыссөзінде прокурор соттан Күдебаевты 9 жылға соттауды және сотталушыны арнайы атағы мен мемлекеттік наградалардан айыруды, сондай-ақ өмір бойы мемлекеттік құрылымдарда қызмет атқару құқығынан айыруды сұрады.