АСТАНА, 30 наурыз – Sputnik. Бестөбе тұрғындары тағы дабыл қақты: "Алтыналмас" алтын өндіру кәсіпорны кенішінің мыңнан астам қызметкері жұмыстан қысқарту туралы хабарлама алды. Халық күнкөріс қаражатынсыз қалғанына алаңдап, инвесторды ауыстыруды талап етіп жатыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Сондай-ақ ауыл тұрғындарын жер асты өндірісінің жағдайы да алаңдатып отыр.
"Осы өндірісте жұмыс істейтін мыңнан астам адам жұмыстан қысқарту туралы хабарлама алды. Шахталарды су басып, отбасылар күнкөріссіз қалуы мүмкін", - дейді ауыл тұрғындары.
"Бестөбе кеніші" филиалындағы жұмысшылар саны мен штатының қысқаруына байланысты алдағы уақытта жұмыстан босатылатыны туралы азаматтар смс-хабарлама арқылы білді.
"Сіз атқаратын лауазым/кәсіп бір айдан кейін қысқартылады. Еңбек шарты бұзылған кезде сізге пайдаланылмаған еңбек демалысы үшін өтемақы, жұмысынан айырылуына байланысты орташа бір айлық көлеміндегі жалақы мөлшерінде өтемақы беріледі", - деп жазылған хабарламада.
Жұмысшылардан жұмыстан босату туралы хабарламаны алу үшін Западная шахтасының кадрлар бөліміне келуді сұраған.
29 наурыз күні Бестөбе тұрғындары шахтада қалып, ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа кенішті іске қосу мәселесі шешілмейінше, ешқайда кетпейтіндері туралы үндеуін оқыды. Халық Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың келуін күтіп отыр.
"Мыңнан астам адам жұмыссыз, күнкөріссіз қалды. Көбісі СМС-хабарлама алған соң ауырып қалды. Біз нық бекініп отырмыз. Президент, премьер-министр және облыс әкімінің осы жағдайға араласқанын қалаймыз", - деп атап өткен ауыл тұрғындары видеода.
"Алтыналмас" компаниясындағылар кеніштегі жұмысшыларды жаппай қысқарту туралы ақпаратты растады.
"Өздеріңіз білетіндей, 2021 жылдың шілде айынан бері Бестөбе кеніші белсенділерінің бірқатар талабы орындалғаннан кейін "Бестөбе" кенішінің жұмысы тоқтатылды. Жұмыс берушіге байланысты емес себептермен кәсіпорын тұралап қалды. Ұжым отбасыларына қамқорлық жасап, ауылдағы әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында компания жұмысшыларға 2021 жылдың шілдесінен 2023 жылдың қаңтарына дейін орташа жалақысын төлеп келді. Бұл мақсатқа ай сайын 400 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалды. Заңға сәйкес, жұмыс берушіге байланысты емес себептермен кәсіпорын тоқтап қалса, компания үш есеге жуық аз көлемдегі ең төменгі жалақыны ғана төлеуге құқылы", - деді "Алтыналмас" кәсіпорнының өкілдері.
2023 жылдың қаңтарынан бастап қызметкерлерге төленетін төлемдерді 1,8 салалық коэффициентке көбейтілген ең төменгі жалақыға дейін біртіндеп төмендету басталғаны айтылды.
Сондай-ақ компаниядағылар 1 013 адам жұмыстан босату туралы хабарлама алғанын айтты. Оларға кәсіпорын тоқтап қалғаны үшін төлем, жұмыстан босатылған кездегі демалыс үшін өтемақы, жұмысынан айырылуына байланысты бір айдың орташа жалақысы көлемінде өтемақы төленеді.