АСТАНА, 29 наурыз – Sputnik. Қарағанды қаласында экскаватор жаяу жүргіншіні қағып кетті. Зейнеткер әйел сол жерде көз жұмды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан ішкі істер министрлігінің Telegram-арнасына сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға бүгін Магнитогорск көшесінде орналасқан автобус аялдамасының жанында болған.
"62 жастағы әйел алған дене жарақатынан қайтыс болған. Ал оны қағып кеткен жүргізуші қашып кеткен", - дейді полицейлер.
Жедел іздестіру шаралары барысында экскаватордың 61 жастағы жүргізушісі ұсталды. Қылмыстық кодекстің 345-бабы 3-тармағы (Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы, абайсызда адам өліміне әкеп соққан іс-әрекет) бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды.
Айта кетері, осы қылмыс үшін бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазасы қарастырылған.