АСТАНА, 29 наурыз – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев маңызды мәселелерге арналған мәжіліс отырыстарын мемлекеттік телеарна арқылы көрсетуді ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Мемлекет басшысының айтуынша, парламенттің жұмысы барынша ашық болуға тиіс. Бүгінде төменгі палатадағы жиындар интернет арқылы көрсетіледі.
"Бұл жақсы үрдіске айналды. Оған журналистер де, қалың көпшілік те қызығушылық танытады. Парламентте аса маңызды мәселе талқыланса, жалпы отырысты мемлекеттік телеарна арқылы тікелей эфирде көрсету қажет деп санаймын. Азаматтар өздері сайлаған депутаттың қалай жұмыс істейтінін нақты көріп, баға бере алады", - деді Тоқаев парламент паталарының бірлескен отырсында.
Президенттің ойынша, парламенттегі пікірталастар, шын мәнінде, жалпыұлттық ауқымға ие болады. Сондай-ақ бұл тәсіл ашық саясат жүргізудің жаңа стандарттарын қалыптастыруға, қоғамдық диалог мәдениетін дамытуға септігін тигізеді.
"Депутат болу – биік мансап емес, бұл – зор жауапкершілік және маңызды міндет. Сіздерді халық сайлады. Жұрт өздеріңізге сенім артып отыр. Ел сенімі – ел аманаты", - деді Тоқаев.
Ал үкімет шын мәнінде есеп беретін үкіметке айналады. Министрлерге өз жұмысын жетік білуі ғана жеткіліксіз.
"Олар өз ұстанымын парламент алдында қорғауға қабілетті болуға тиіс.Өз бастамаларын қоғамға анық түсіндіруі қажет. Қазір үкіметтің қателігі мен кемшілігін ашық айтып, жөнге салып отыруға толық мүмкіндік бар.Осы мүмкіндікті халық мүддесі үшін дұрыс пайдалану керек", - деп түйіндеді президент.