АСТАНА, 28 наурыз – Sputnik. Қарағанды облысында "Адам өлтіруге оқталу" бабы бойынша күдікті деп танылған ауыл тұрғыны ұсталды.
Полицияға 30 жастағы ауыл тұрғыны арызданған. Айтуынша, белгісіз біреу үйінің ауласында тұрған көлігіне үш рет оқ атып, қашып кеткен.
Жәбірленуші ешқандай жарақат алмаған, тек көлігіне ғана зақым келген.
Жедел-іздестіру шаралары барысында осы іске қатысы бар деген күдікпен 33 жастағы азамат ұсталды. Күдікті жәбірленушімен бұрын болған кикілжіңнен кейін кек алу үшін аңшы мылтығынан оқ атқанын мойындады.
Қару тәркіленді. Қылмыстық кодекстің 24-99 "Адам өлтіруге оқталу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Күдікті қамауға алынды.