Биыл Қазақстанда 11 мың шақырымнан астам жол жөнделеді – министрлік

Sputnik
АСТАНА, 28 наурыз – Sputnik. Биыл жалпы қоданыстағы 11 мың шақырымнан астам жолды құрылыс-монтаждау жұмыстарымен қамту жоспарланып отыр, деп хабарлады орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингінде индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Амангелді Беков.
"Оның ішінде жеті мың километрі республикалық автомобиль жол желісі және 4 мың километрі жергілікті жол желісі. Республикалық желі арқылы 3,6 мың километр жолды төсеу және қайта жаңарту жұмыстары жалғасады, оның ішінде 856 километр жолды жөндеуді аяқтау жоспарланып отыр", - деді Беков.
Оның айтуынша, нәтижесінде нормативке сәйкес жағдайдағы жолдардың үлесі республикалық желі бойынша 92 процентке, жергілікті жолдар бойынша 87 процентке дейін жетеді.
"Күрделі және орташа жөндеу жұмыстары 3 400 шақырымды қамтиды. Жергілікті желі бойынша 4 мың шақырым жолда жөндеудің барлық түрі жүргізіледі, оның 3 мың километрінде бұл жұмыстар осы жылы аяқталады. Жыл соңына дейін нормативке сәйкес жағдайдағы жолдардың үлесі республикалық желіде 92%-ке, жергілікті желіде 87%-ке дейін артады", - деді Амангелді Беков.
Еліміздегі автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы бүгінде 95 мың шақырымды құрайды. Салыстыру үшін айтсақ, Жер экваторының ұзындығы 40 075 шақырымды құрайды.