АЛМАТЫ, 28 наурыз – Sputnik. Көрқазушы – мыңның бірінің ғана дәті жететін мамандық. Оның үстіне еңбекақысы мардымсыз. Бірақ сауапты іс. Жеті жылдан бері талай адамды ақтық сапарға шығарып салып жүрген Бердібек Омарбеков (аты-жөні өзгертілген) Sputnik Қазақстан тілшісіне жұмысының қыр-сыры туралы айтып берді.
Жасы елуге таяған ел ағасы бір үйдің кенжесі. Үстінен құс ұшырмай, әлпештеп баққан баланың бірі. Бауырлары да жерге қарап қалмаған, білдей қызметкерлер. Бірақ Бердібек аға жасы ұлғая келе, осы қызметті өзіне серік етіпті.
"Мені көр қазып кетеді деп ешкім ойлаған жоқ. Бірақ еш шағым айтпаймын. Әрине, туыстарымның бәрі қарсы болды. Рас, атауы жаман, еңбегі де ауыр. Бірақ қай жерде оңай жұмыс бар. Бастысы тапқан асым адал болса болды", - дейді Бердібек Омарбеков.
Бердібек Омарбеков қаңтарда өлім көп болғанын айтады
© Sputnik/Ертай Сарбасов
Ол әу баста бойын үрей билеп, бойына ас батпағанын, кейін келе бұл жұмысқа үйреніп кеткенін айтады.
"Мен жұмыс істейтін зиратта айына ары кетсе он адам жерлейміз. Бірақ биыл қаңтар айында қолымыздан сүймен мен күрек түспеді. Былтыр 29 желтоқсаннан бастадық, 4-5 ақпанда "уф" деп әрең демалдық. Неге екенін білмеймін, өлім өте көп болды. Ал коронавирус ушыққан шақта 20 күнде осы зиратқа 60 адам жерледім", - дейді Бердібек аға.
Ауылдағыдай емес, қаладағы зираттардың өз жұмысшылары бар. Әр зираттың ережесі бекітілген, баса-көктеп кіріп, әруақтар мекенінде билік жүргізуге ешкімнің хақы жоқ.
"Бұл зиратқа Алматы маңындағы үш ауылдың марқұмдары жерленеді. Қаладан келіп: "қанша болсын ақшаңды төлейін, осы жерге қайтыс болған кісіні көмейік" деп айтатындар да жетерлік. Бірақ олай істеуге болмайды. Әр зираттың өзінің белгіленген жері, заңы бар", - дейді көрқазушы.
Алматының атақты Кеңсай зиратында жер шалғай зираттарға қарағанда қымбат. Бұл пікірді Кеңсайда туыстарын жерлей алмаған тұрғындар айтады. Олардың пікірінше, аядай жердің құны аспандап, тіпті мыңдаған доллармен есептелетін көрінеді. Sputnik Қазақстан тілшісі бұл зиратты да аралап қайтты. Қымбат тұрса тұратындай, жолына асфальт төселіп, зират біткеннің бәрі мәрмәрдан жасалған.
Кеңсайдың зиратында қазақтың зиялылары да жатыр. Дінмұхамед Қонаев, Мұқағали Мақатаев сынды талай біртуар тұлғалар жерленген.
Бұл зираттағы көрқазушының да жұмысы тым құпия болып шықты. Басшы біткен іргесін аулақ салып бақты, ал қарапайым жұмысшылар ізім-ғайым жоқ болды.
Ал шалғай жатқан зираттардағы тірлік Кеңсайға қарағанда мамыражай, бейғам. Мәрмардан күмбезі жоқ, бір ғана тақтаны өзіне серік етіп, қаз-қатар тізілген өлілер мекені.
"Біздің зиратта жер телімі, оны қазу, кісіні көму сынды жұмыстың бәрі 60 мың теңгенің айналасында. Келген кісілер сол 60 мыңды төлейді. Кейбір кісілер көрақысы деп қолымызға 20-30 мың теңге ұстатады. Бала-шаға бағып отырған соң әрине аламыз. Кісіні ақтық сапарға шығарып салып, оны дұрыстап жөнелтеміз. Кейбір кісілер біз жер қазып жатқанда ас-суын әкеп береді. Мысалға ұйғырлар таңертең қайтыс болған кісіні сол күні жерлейді. Сол кезде жанталасамыз. Ең қиыны қыста жер тоң болып қалады", - дейді Бердібек Омарбеков.
Ал ең ауыры өрімдей жас адамды жер қойнынан тапсыру, дейді көрқазушы.
"Кейбір кісілер "аға, жерді жақсылап қазып, туысымызды дұрыстап жөнелтейікші, ақшасын төлеймін" деп өтініп келеді. Ал кейбір кісі зиратқа келіп, "анау дұрыс емес, мынау дұрыс емес" деп балағаттап кетеді. Кейде тапсырыс беретіндерге "жерді трактормен қазайық, сосын жан-жағын қолмен дұрыстаймыз" деп айтамыз. Түсінігі бар кісілер келіседі, кейбірі сол былапыттайды", - дейді ол.
Зираттардағы сенбілік пен тазалық, әруақтар мекенінің тыныштығын күзету де көрқазушының міндетіне жатады. Айналасы ат шаптырым аумақты күніне бірнеше аралап, күзетіп шығады. Тіріден бата алмасақ та, әруақтың ришалығына бөленейін, дейді Бердібек Омарбеков.