Қоғам

Алматыда "Qnet" қаржы пирамидасын басқарды деген тағы бір күдікті ұсталды

Sputnik
АСТАНА, 28 наурыз – Sputnik. Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті прокуратурамен бірлесіп, мегаполис аумағында "Qnet" қаржы пирамидасын басқарды деген күдікпен тағы бір адамды ұстады.
Күдікті азаматтардан ақша жинап, біреуінің жарналары есебінен басқа қатысушыларды байыту мақсатында қайта бөлген.
Алматы қаласының мамандандырылған тергеу соты күдіктіге қатысты 2 айға "қамауда ұстау" түрінде бұлтартпау шарасына санкция берді.
ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.
Қаржылық мониторинг агенттігі "Qnet" қызметі желілік маркетинг және электрондық коммерция түрінде жасырылғанын атап өтті. Бірқатар шет елде "Qnet" компаниясы қаржы пирамидасы болып танылған. Сондай-ақ, оны Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қаржы пирамидасының белгілері бар компаниялар тізіміне енгізді.
Еске салсақ, бұған дейін елордада осындай қаржы пирамидасын құру және басқару фактісі бойынша күдікті ұсталған болатын.
ҚМА азаматтарды қырағы болуға және өз жинағын күмәнді қаржы ұйымдарына салмауға шақырады.
Qnet қаржы пирамидасын ұйымдастырды деген күдікті ұсталды