АСТАНА, 28 наурыз – Sputnik. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауын бақылау жөніндегі ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясының басшысы Оуэн Мерфимен кездесті, деп хабарлады ОСК баспасөз қызметі.
Ортсайлаукомның басшысы Оуэн Мерфиге шақыруды қабылдағаны және қысқа және ұзақ мерзімді байқаушыларды жолдағаны үшін алғысын айтты.
ЕҚЫҰ/ДИАҚБ және ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының миссиясынан барлығы 410 байқаушы ОСК жанында аккредиттеуден өтті. Оның ішінде 350 адам барлық 17 облыста және республикалық маңызы бар 3 қалада сайлауды бақылады.
Сайлау комиссиялары байқаушылардың жұмысы үшін барлық жағдайды жасады. Сайлау қарсаңында ел өңірлері бойынша сапарлар барысында ОСК мүшелерінің байқаушылармен көптеген кездесулері өтті.
Ортсайлауком басшысы сайлаудың қорытындылары туралы хабардар етіп, өткен сайлау науқаны бәсекелестіктің жоғары деңгейдегі ерекшелігімен, үлкен қоғамдық қызығушылық тудырғанын, ұлттық және шетелдік байқаушылардың, сондай-ақ БАҚ өкілдерінің теңдессіз көп санын тартқанын атап өтті.
Ал Оуэн Мерфи өткен ОСК-ның сайлаудағы рөлі мен маңыздылығын ерекше атап өтті.
"Сайлауды ұйымдастыру бойынша атқарған жұмыстарыңызбен құттықтаймыз, тиімді басқаруды қажет ететін көптеген күрделі жаңашылдық пен өзгеріс болды", - деді миссия басшысы.
ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясы кезектен тыс президент сайлауын және мәжіліс депутаттарының сайлауын бақылау бойынша екі бөлек қорытынды есеп дайындайтынын хабарлады.
Мерфи сонымен қатар парламенттік сайлауды бақылау жөніндегі есеп жарияланғаннан кейін онымен таныстыру және Қазақстанға Орталық сайлау комиссиясы мен ҚР мүдделі мемлекеттік органдарымен тақырыптық талқылау үшін сарапшылар тобымен келуге ниет білдірді.
Ал Нұрлан Әбдіров ұсынысты қабылдауға дайын екенін білдіріп, Ортсайлауком Бюромен, оның ішінде сайлау науқандары арасындағы сындарлы диалогты жалғастыруына үлкен мән берілетінін атап өтті.