АСТАНА, 27 наурыз – Sputnik. Қазақстанда балаларға арналған 50 оқу-сауықтыру және 100 ірі ойын-сауық орталығы салынады. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновтің төрағалығымен өткен кеңесте айтылды.
Үкіметте өткен жиында оқушыларды мектептен тыс жұмыстармен, оның ішінде жазғы демалыс кезінде қамтуды ұлғайту, сондай-ақ балалардың шығармашылық және зияткерлік дамуына арналған ірі орталықтар салу мәселелері талқыланды.
Президенттің тапсырмасына сәйкес, республикада оқушылардың шығармашылық және зияткерлік дамуына, білім алып, жақсы демалуына, бос уақытын пайдалы өткізуіне арналған нысандар тұрғызу немесе ескілерін реконструкциялау бойынша жұмыстар жанданып жатыр.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, бүгінде елімізде балаларға арналған 218 сауықтыру орталығы жұмыс істейді, олардың 120-сы – мемлекеттік, 98-і – жеке меншік.
"2027 жылға дейін барлық облыста заманауи оқу-сауықтыру орталықтары ашылмақ. Олардың ашылуы балаларды қамту көрсеткішін айтарлықтай ұлғайтады. Жазғы орталықтардағы көрсеткіш жыл сайын 25%-ға өседі деп күтілуде. Ал жыл бойы жұмыс істейтін орталықтардағы қамту көрсеткіші 2 есе өседі", - деп хабарлады премьер-министрдің баспасөз қызметі.
Қаражат жергілікті атқарушы органдардың бюджетінен жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесі арқылы бөлінеді. Сондай-ақ бұл салаға инвесторларды да тарту көзделіп отыр.
Балалардың шығармашылық және зияткерлік дамуына арналған 100 нысанның (оқушылар сарайы) құрылысы республикалық бюджет есебінен жүзеге асырылады.
Үкіметтің ақпаратынша, балалар қосымша біліммен 100% қамтылады. Бұл көрсеткішке ірі қосымша білім беру нысандарын салу арқылы ғана емес, осы мақсаттарға мемлекеттік тапсырысты кезең-кезеңмен ұлғайту арқылы қол жеткізілмек. Сонымен қатар ауыл мектептерінде комьюнити-орталықтар ашу және ескі мектептен тыс ұйымдарды жаңғырту жоспарланып отыр.
Орталық және жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен өткен кеңестің қорытындысы бойынша осы мақсатта Жол картасын бекітіп, жер учаскелерін бөлу шараларын қабылдау туралы тапсырма берілді. Сондай-ақ қысқа мерзімде балалар сауықтыру орталықтары мен ірі қосымша білім беру объектілерін салу, ескі объектілерді реконструкциялау немесе қайта форматтау үшін жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу міндеттелді.