Қарағандыда заңсыз салынған ондаған тұрғын үй бұзылуы мүмкін

Sputnik
АСТАНА, 27 наурыз – Sputnik. Қарағанды қаласында жеті жаңа тұрғын үй кешенінің құрылысы сот шешімімен тоқтатылды, тағы үшеуі бойынша материалдар қаралып жатыр. Барлық нысан сараптамасыз салынған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан облыстық әкімідіктің ресми сайтына сілтеме жасап.
Облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы заңсыз салынып жатқан құрылыстардың тізімін жариялады.
Олар: "Хан" ТК (Мұқанов көшесі, 19/2 уч.), құрылыс салушы – "Satti Lux Stroy" ЖШС; "Манхэттен" ТК (Тәттімбет көшесі, 10Б з/у), құрылыс салушы – "КапиталСтрой-XXI" ЖШС; "Al-Farabi" ТК (Мұқанов көшесі, 55/2), құрылыс салушы – "Turan Invest Development" ЖШС; "Томирис" ТК (067-ші есептік орам, 502-ші құрылыс), құрылыс салушы – "Тұрғын үй қоры"ЖШС; "Баспана-3" ТК (Мұқанов көшесі, 43/4), құрылыс салушы – "СМК Group" ЖШС; "Central Park" ТК (Мұқанов көшесі, 9/3-ші құрылыс), құрылыс салушы – "СМК Group" ЖШС; "Нұра" ТК (Мұқанов көшесі, 51,4 учаскесі), құрылыс салушы – "Satti Lux Stroy" ЖШС; КТҮ (Ержанов көшесі, 63/2), құрылыс салушы – "Revival alliance" ЖШС; КТҮ (Рысқұлов көшесі, 5/3), құрылыс салушы – С. А. Есенбаев; ТК (Университетская көшесі, 28/19), құрылыс салушы – "Sadu group" ЖШС;
Басқарма басшысы Сержан Аймақовтың айтуынша, қазіргі кезде 60-қа жуық тұрғын үй бақылауға алынды. Мониторинг барысында хабарлау тәртібі бұзылған он тұрғын үй кешені анықталды. Заңға сәйкес, компания құрылыстың басталғаны туралы басқармаға электрондық үкіметтің веб-порталы арқылы хабар беруі керек. Сосын сараптаманың қорытындысын алуы шарт.
"Бар мәселе, негізінен, сараптама қорытындысының болмауында. Яғни, олар авторлық және техникалық қадағалаусыз құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатыр. Үлескерлер үшін қауіп-қатерлер туындайды. Бірақ мораторийге байланысты біз шағын кәсіпкерлік субъектілеріне тексеру жүргізе алмаймыз", - дейді Аймақов.
Ол заңсыз салынған жаңа ғимараттардың ішінде тоғыз қабатты тұрғын үй кешендері де бар. Болашақта ондай нысандар қабылдау актілерін ала алмайды. Сонымен қатар, үйлерді бұзу туралы сот ісін бастауға болады. Қазіргі кезде құрылыс салушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұдан бөлек, үлескерлерді заңсыз тартқаны үшін жауапкершілік қарастырылған.
Бұған дейін "OPTIMAL BUILD COMPANY" ЖШС және "ProfInvest" ЖШС жауапқа тартылса, бүгінгі таңда "КапиталСтрой-XXI" мен "SAPA CITY" ЖШС қатысты хаттамалар рәсімделді. Алдағы уақытта үлескерлердің ақшасын тарта алмайтын құрылыс салушылардың "қара тізімі" жарияланады.