Спорт

Үстел теннисінен үздік спортшылар анықталды

Sputnik
АСТАНА, 26 наурыз – Sputnik. Қарағанды қаласында үстел теннисінен VI жазғы спартакиадасының жеңімпаздары анықталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан спортты дамыту дирекциясына сілтеме жасап.
Ерлер арасындағы финалда елордалық Кирилл Герасименко қарағандылық Алан Құрманғалиевтен басым түсті. Есеп – 4:1.
Ал әйелдер арасында Қарағанды облысының өкілі Зәуреш Акашева Сарвиноз Миркадированы (Шымкент) жеңді. Бір қызығы, былтыр Павлодар қаласында өткен Қазақстан чемпионаты кезідне дәл осы спортшылар финалға шыққан болатын.
Аралас жұптық сындар:
Кирилл Герасименко мен Анастасия Ловрова;
Бекұлан Жамал мен Сарвиноз Миркадирова;
Алан Құрманғалиев пен Арай Ашкеева.
Әйелдер арасында шымкенттік Сарвиноз Миркадирова мен Анель Бақыт жұбы үздік атанды.
Ал командалық сайыста Қарағанды облысы финалда Шығыс Қазақстанның құрамасын 3-1 есебімен жеңді.
Астана қаласы екінші орында иеленсе, Шымкент үшінші орынды қанағат тұтты. Спартакиада кезінде Темірлан Ким (Қарағанды), Арай Ашкеева (Қарағанды) мен Тимофей Герасименко (Астана) "ҚР-ның спорт шебері" атағын алды.
Ұлттық құраманың бас бапкері Эльмира Алиеваның айтуынша, спартакиада қорытындысы бойынша Ұлттық құрама жасақталады.
"Бұрын тартыс Алматы, Астана мен Павлодар арасында өтетін. Бұл жолы 7-8 команда бір деңгейде жүлдеге таласты. Ұлттық құрама жасақтайтын кезде қиналайын деп тұрмыз. Бірінші және екінші номерлі спортшылар финалда өнер көрсетті", - дейді Алиева.
Айта кетері, 20 наурызда басталған үстел теннисі бәсекесіне 20 өңірден келген 180-нен астам спортшы қатысты.