АСТАНА, 26 наурыз – Sputnik. Рамазан – барша мұсылман үшін қасиетті де берекелі ай. Адамды жаман ойлар мен жаман әрекеттерден тыятын ораза да осы айда ұсталады. Мың айдан да қайырлы Қадір түнін де жамағат Рамазан айында күтеді.
Оразаның пайдасы
Рамазан – таңнан кеш батқанға дейін тек жеп-ішуден ғана емес, күнә атаулыдан, жамандықтан тыйылу айы. Әсілі, күні бойы аш жүріп ораза ұстау қиын емес. Ең қиыны он екі мүшемізге ораза ұстау. Хадисте: "Кімде-кім жаман сөзі мен жаман іс-әрекеттен тыйылмаса, оның тамақ жеуден және сусын ішуден тыйылғаны Алла Тағалаға ешбір керегі жоқ", деген. Демек, дене-мүшемізді теріс іс-әрекеттен аулақ ұстау – ораза талаптарының бірі.
Оразаның адам баласына берер пайдасы өте зор. Пайғамбарымыз былай дейді: "Кімде-кім сене отырып, сауабын Алладан күтіп, Рамазан оразасын тұтса, өткен күнәлары кешіріледі".
Ең алдымен, отыз күн ораза адамның мінез-құлығын түзейді. Рамазан айындағы ораза көзді харамға қараудан, тілді өтірік пен өсек-аяң айтудан, құлақты харам дүниелерді тыңдаудан, асқазанды харам тамақ жеуден, қол мен аяқты жаман іске барудан қорғайды. Ораза үнемі Алланы есімізге салып тұрады, жауапкершілік сезімін арттырады.
Ораза адамды мейірімді және қайырымды болуға, мұқтаж жандарға қол ұшын созуға үйретеді. Дәулетті адам ораза ұстаса, аштықтың не екенін түсінеді. Тұрмысы нашар кедей-кепшіктің қиыншылығын әлдеқайда жақсы сезінеді, оларға мейірімі оянып, жәрдемдеседі. Аллаға көбірек шүкіршілік етуді үйренеді.
Бұдан бөлек, ораза ұстау адамның денсаулығын жақсартады. Денедегі асқорыту мүшелері оразаның арқасында тазарып, демалады. Рамазаннан кейін жақсы жұмыс істейді. Ғалымдар оразаның денсаулық тұрғысынан адам ағзасына пайдалы екенін анықтаған.
Ораза адамды сабырлы болуға үйретеді. Өзін ішіп-жеуден бас тартуға үйреткен адам өмірінде кездесетін ауыртпалықтар мен қиыншылықтарға сабыр етіп, төзе біледі. Қайғы-қасіретке де төтеп бере алады.
Оразаға қалай ниет етіледі
Ораза толық болуы үшін ниет ету – шарт. Ниетсіз ораза қабыл болмайды.
Негізінде оразаға сәресіден кейін ниет етіледі. Бірақ сәресіге тұра алмаған адам оянған кезде күн шығып кетсе, күн арқан бойы көтерілгенге дейін сол күннің оразасына ниет етсе болады. Тек таң атқаннан (сәресінің уақыты басталғаннан) кейін оразаны бұзатындай нәрсе жасамауы керек.
Ниет негізінде жүрекпен жасалады. Яғни түнде ертең ораза ұстайтыны жайында ойлаған адам ниет еткен болып есептеледі.
Пайғамбарымыз (с.а.у.): “Сәресінде тамақ жеңдер, өйткені сәресі тамағында береке бар” деген. Сәресі адамға күш береді. Дұға қабыл болатын уақыттардың бірі – сәресі уақыты. Сәресіге тұрған адам тілегін айтып, дұға етіп, Алла Тағаладан күнәларының кешірілуін сұрауы керек.
Оразаны не бұзады
Ораза ұстағанын біле тұра жеп-ішу (қоректік зат немесе дәрі болсын), жыныстық қатынасқа түсу, шылым шегу оразаны бұзады.
Рамазан айында ниет етіп, ораза бастаған адам ешқандай себепсіз біле тұра ішіп-жесе, жыныстық қатынаста болса, оразасы бұзылады. Мұндай жағдайда ол бұзылған оразаның қазасын өтейді біле тұра себепсіз оразасын бұзғаны үшін кәффарат оразасын ұстауы қажет.
Кәффарат – бұзылған оразаның бір күніне екі ай немесе алпыс күн қатарынан ораза ұстау.
Оразаны бұзбайтын жағдайлар:
Ораза ұстағанын ұмытып, жеп-ішу. Ұмытып кетіп жеп немесе ішіп қойған адам ораза екені есіне түссе, аузын шайып, оразасын жалғастырады. Ал Ораза екені есіне түскеннен кейін тамағынан бір нәрсе өтсе, оразасы бұзылады.
құлағына су кетіп қалу;
көзіне дәрі тамызу;
түнде жуыну қажет болғанымен таңертеңгісін жуыну;
еріксіз құсса;
ұйықтап жатқанда жыныс жолдарынан сұйықтық бөлінсе;
қан алдыру;
еріксіз тамағына тозаң, түтін кіру;
аузындағы түкірікті жұту.
Қадір түні
Рамазан айында барша жамағат қасиетті Қадір түнін күтеді. Биыл Қадір түні – сәуір айының 17-нен 18-не қараған түн.
Қадір түні мың айдан да қайырлы. Бұл түні жасалған ғибадат 83 жылдық сауапқа пара-пар делінеді.
"Қадір" деген сөздің өзі араб тілінен "тағдыр" деген мағына береді. Сол себепті бұл түнде адамның бір жылдық тағдыры ғана емес, ризық-несібесі де жазылады. Сондықтан бұл түнді барынша құлшылықпен өткізген жөн.
Мұсылман қауымының Қадір түнін асыға күтудегі тағы бір себебі – Жаратушыға жақындау. Қадір түнінде тілеген дұға-тілектер сөзсіз қабыл болады. Сондықтан адамдар бұл түнді тағатсыздана күтіп, оны құр жіберіп алмауға, бұл түнді тиімді пайдалануға тырысады.
Бұл түні адамдардың сыртынан ғайбаттап, өсек айтуға, ішімдік ішуге, жанжалдасуға, дауласуға болмайды. Достармен көңіл көтеріп, ән айтуға, билеуге, сауық кештерін ұйымдастыруға тыйым салынады. Теледидардан ойын-сауық бағдарламалары мен фильмдерді де көруге болмайды. Оның орнына тәрбиелік мәні бар дүниелерді тамашалаған дұрыс. Қадір түнінде түні бойы дастарқан жайып қою шарт емес.
Мұсылмандар бұл түнді құлшылық етіп, шын жүректен өкініп, күнәлары үшін кешірім сұраумен өткізуге тиіс. Таңға дейін Қасиетті Құран кітабын оқып, дұға жасаған абзал.
Пітір садақа не үшін беріледі
Рамазан айында мұсылманның өзі және отбасы үшін пітір садақа беруі – уәжіп. Оны қажеттілігін қоспағанда мал-мүлкі, дүниесі күміс нисабына (595 гр) жеткен адам беруі керек. Тұрмысы нашар, яғни артық мал-мүлкі нисаб мөлшеріне жетпеген кісі пітір садақа беруге міндетті емес, сауап үшін беріп жатса өз еркі.
Пітір – оразаның қате-кемшіліктерін толтыратын, Құдайға шүкіршілік ету үшін берілетін және кедейлерді қуантатын садақа. Оны Ораза айт намазына дейін беру керек. Айт намазынан кейін берілген пітір садақа жай садақа болып қалады.
Биыл еліміз бойынша пітір садақаның мөлшері 535 теңге болып бекітілді. Пітір садақаны құрма, мейіз бағасымен де беруге болады.