Қостанай облысында жолдарды су басты

Sputnik
АСТАНА, 26 наурыз – Sputnik. Қостанай облысында "Торғай-Шилі-Аралкөл" (0-182 км) тас жолында барлық көліктер үшін қозғалыс жабылды. Жолдың бетін су шайып кетті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бұған дейін Тасты өзені арнасынан шығып, "Арқалық-Ақтас" тас жолын су басты. Ауылға жақын жерде жолдың астымен диаметрі 90 сантиметр болатын 10 құбыр бар. Соның өзі суды өткізуге аз болып тұр.
"Наш Костанай" порталының мәліметіне сәйкес, қазіргі кезде Ақтас ауылына баратын жол жабық. Қостанай облыстық төтенше жағдайлар департаменті жолда бекеттің орнатылғанын хабарлады. Сол жерде құтқарушылар кезекшілік атқарып жүр.
"Ол жерде қара жол, жыл сайын су басып тұрады. Қазір су басқан жолдың ұзындығы – 80 метр, кей жерде тереңдігі 20-30 сантиметрді құрайды. Ауылға қауіп төніп тұрған жоқ. Су басқан жол Ақтастан 10-15 шақырым шалғай жерде өтеді. Оған қоса, ауыл қырда орналасқан", - дейді департамент мамандары.
Арнайы бекетте төрт құтқарушы кезекшілік атқарып жүр. Екі күннің ішінде су қайтады деген болжам бар. Ал ауыл тұрғындарына қайықпен қатынап тұруға тура келеді.