Биыл қандай цифрлық қызметтер енгізіледі

Sputnik
АСТАНА, 25 наурыз – Sputnik. Үкіметте цифрландыру мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің айтуынша, бүгінде мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, 66 цифрлық бастамасының тізбесі пысықталды. Соның ішінде маңызды сервистер бар. Олар:
мүгедектікті белгілеу үшін медициналық-әлеуметтік сараптаманы цифрландыру;
мектепке дейінгі ұйымдарға қабылдау үшін бірыңғай цифрлық кезекті іске қосу;
ауыл шаруашылығы жануарларын есепке алу бойынша Vet Mobile қосымшасын енгізу;
әскерден босату немесе оны уақытша кейінге қалдыру рәсімін автоматтандыру;
нотариалдық қызметтерді электрондық форматқа көшіру.
Бұдан бөлек, тұрғын үй алуға цифрлық кезек енгізу, онлайн режимде еңбек шарттарын жасасу, мобильді қосымшада жеке тұлғалар үшін кедендік декларациялаудан өту, азаматтарды медициналық профилактикалық қызметтерді алу, өз өңірінде жұмысқа орналасу мүмкіндігі туралы хабардар ету (push-хабарлама), жанар-жағармай құю станциясында мұнай өнімдерінің бар-жоғын тексеру және тағы басқа сервистер іске қосылады деген жоспар бар.
Премьер-министр ұсынылған бастамаларды мақұлдады. Осының бәрін іске асырса, халық мемлекеттік органдардың табалдырығын тоздырмайды, ұзақ уақыт кезекте отырмайды. Бизнестің жұмысы да жеңілдейді.