АСТАНА, 24 наурыз – Sputnik. Астанада өтіп жатқан "Жүрек жылуы" қайырымдылық акциясы аясында қала тұрғынына мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан сыйлық табысталды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Елімізде "Жүрек жылуы" қайырымдылық акциясы өтіп жатыр. Акция аясында еріктілер мен белсенділер халықтың әлеуметтік осал тобы – көпбалалы отбасылардың, ерекше қажеттілігі бар жандардың, зейнеткерлердің өтініші мен тілегін орындауға көмектеседі.
Акцияға президент Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысты. Мемлекет басшысы сандықшадан хаттардың бірін таңдаған. Астана тұрғыны хатында тонометр сұраған. Президент әйелдің тілегін орындады.
Елорда әкімі Жеңіс Қасымбек Гүлжахан Сыдықовамен кездесіп, Тоқаевтың атынан тонометр табыс етті. Сондай-ақ оған материалдық көмек көрсетілді, санаторийге жолдама беріледі.
Гүлжахан Сыдықова президентке және "Жүрек жылуы" қайырымдылық акциясына қатысушыларға алғысын білдірді.